Конор мен Хабиб қайтадан төбелесетін болды
Ирландиялық Конор МакГрегор дағыстандық Хабиб Нұрмағамбетовті екінші жекпе-жекке шақырды. Бұл туралы UFC президенті Дана Уайт айтты.
– Конор маған хабарласып, қарымта кездесу өткізгісі келетіндігін айтты, – деді Дана Уайт.
Сондай-ақ ол көрермен қауым Нұрмағамбетовтың америкалық Тони Фергюсонмен жұдырықтасуын асыға күтіп жүргендігін де айтты.
Тони Фергюсон алдыңғы жекпе-жегінде өзін тамаша қырынан көрсетті. Хабиб екеуі кездесу өткізу үшін үш рет талпынып көрді. Бірақ әзірге бұл кездесу өтпей-ақ қойды.
Естеріңізде болса, 6 қазан күні Хабиб Нұрмағамбетов әйгілі Конор МакГрегорды жеңіп кеткен болатын. Ол чемпиондық атағын қорғап қалған еді осылайша.
Иә, Хабиб қарсыласын сабағанымен тиылмай, оның бүкіл командасына да жұдырық ала жүгіріп, залда лаң салған болатын. Қазір Невада штатының Атлетикалық комиссиясы осы мәселені қарастырып жатыр.
Хабиб біраз уақыт жекпе-жектен шеттетіліп, қомақты қаржы айыппұл төлеуі мүмкін. Бірақ оның чемпиондық атағы сақталады деп сендіріп отыр UFC басшылығы.