Сыбайлас жемқорлық туралы ең көп хабарлаған ШҚО - Ұлттық бюро
2018 жылдағы бірінші жартыжылдық қортындысына сәйкес, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша Ұлттық бюроға хабарлама жасаған 82 адам 12 млн теңгемен марапатталды. Оның ішінде 15 шығысқазақстандық 2,2 млн теңге сыйақыны еншіледі, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Үстіміздегі жылда Ұлттық бюроға 50 ауыр қылмыс жайлы хабарлама келіп түскенін айтады сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі. Ол қылмыстардың көбісі ішкі істер органдарында, әкімдіктер мен олардың ішкі құрылымдарында болғаны анықталған.
Сыбайлас жемқорлық туралы ең көп ақпарат берген – ШҚО тұрғындары. Екінші орында – Жамбыл облысы, 13 адам 1,8 млн теңгеге ие болды. Үштікті Қызылорда түгендеп тұр, 9 адам және 1,1 млн теңге.
Өзге облыстарда 5, кемінде 3 адам ақпарат берген. Павлодар өңіріннен ғана жалғыз адам хабарласқан. Ол 120 мың теңгеге ие болды.
Айта кетуге тиіспіз, сыбайлас жемқорлық туралы берілген қандай да бір ақпарат расталып, қылмыстық іске байланысты сот шешімі шыққан жағдайда ғана хабарлама иесі сыйақы алады. Бұл ретте берілген ақпарат әкімшілік іске қатысты болса – 30 АЕК, жеңіл қылмысқа қатысты болса – 40 АЕК, орташа ауыр қылмысқа қатысты болса – 50 АЕК, ауыр қылмысқа қатысты болса – 70 АЕК, аса ауыр қылмыс жөнінде болса – 100 АЕК көлемінде сыйақыға беріледі.