Өскемендік өнертапқыш Бауыржан Рахәділов студенттермен кездесті
Өскеменнің студент жастары А.Пушкин атындағы кітапханада небәрі 26 жасында «Техникалық физика» мамандығы бойынша философия докторы, жаратылыстану ғылымдарының магистрі атанған жас өнертапқышпен кездесті, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Ол - «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының екінші маусымына қатысушы үміткер – жас ғалым, мемлекеттік ғылыми стипендияның иегері Бауыржан Рахәділов.
Шығыс өңірінен шыққан талантты физиктің жобаларын іске асыру үшін жуықта С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің базасында ғылыми-зерттеу орталығы да ашылған болатын. Орталықтың ғылыми тобы екі PhD докторы, бес PhD докторанты, алты магистрант пен бес студенттен құралған. Жас ғалым орталықтағы жұмысын педагогикалық қызметімен ұштастырып отыр. Жоғары оқу орнындағы докторанттар, магистранттар мен студенттердің ғылыми жұмыстарына да жетекшілік етеді.
Жастығына қарамастан материалтану және физика саласында толағай табыстарға жеткен өнертапқыш ғалымның өмір жолы табысқа жетудің, бәсекеге қабілеттілік пен білімге деген құштарлықтың жарқын үлгісі. Халықаралық студенттер күніне орай өткізілген шарада жас ғалым өзінің жетістіктерге жету құпиясымен бөлісті.
Университеттің физика және технология кафедрасының доценті Бауыржан Қорабайұлы Семейдегі Шәкәрім атындағы университеттің үздік түлегі, 15 авторлық куәліктің иегері. Бүгінгі күнге дейін жас ғалымның үш оқулығы мен жүзден астам ғылыми еңбектері жарық көрсе, оның ішінде жиырма мақаласы шетелдік басылымдарда жарияланыпты. Ғылыми жұмыстарының негізгі нәтижелері елімізде ғана емес, шетелдерде өткен отыздан астам халықаралық және республикалық конференциялар мен форумдарда баяндалып, бірінші, екінші дәрежелі дипломдармен бағаланған. Польша мен Германияның алдыңғы қатарлы университеттерінде тағылымдамадан өткен. Nurintech республикалық инновациялық жобалар байқауында кесу құралдарын бекітетін инновациялық технологияны жасап шығарған Бауыржан Рахәділов «Ең үздік жас ғалым» аталымында үздік үштікті түйіндеген еді.
– Бүгінгі кездесу жастардың білімге деген құштарлығын нығайтып, алға қарай талпындыратындығына сенімім мол, – дейді Бауыржан Рахәділов. – Қай салада болмасын белгілі бір жетістікке қол жеткізу үшін талап, жігер, еңбекқорлық қажет. Ең бастысы – ұлтымыздың ғылымын дамытуға деген құштарлық, арман болу керек.