KZ
Өскемен
+11°
облачно с прояснениями жел 2,7 м/с, ОШ
481.84 531.33 5.07

АҚШ-қа көшіп кеткен аягөздік азамат NASA-да жұмыс істеп жүр

23.10.2018, 03:04 134



Бұл – біздің жерлесіміз, Аягөз ауданының тумасы, АҚШ-тағы қазақ диаспорасының жетекшісі Дархан Нұрмағамбет. Ол осыдан 16 жыл бұрын жұмыс бабымен Америкаға қоныс аударған. Содан бері жерлесіміз америкалық ғарыш агенттігінде абыроймен еңбек етіп жүр, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.


– «Шаттл» ғарыш кемесінің талай мәрте аспан әлеміне аттанғанын көрдім. Шынын айтсам, мұны сөзбен жеткізу мүмкін емес. Жалпы,  НАСА-да еңбек еткен 13 жылдың ішінде «Союз», «Кейп Канаверал» атты пилоттық жобаларға қатыстым. Бұдан бөлек, еуропалық  ғарыш агенттігімен ынтымақтастық орнату жұмыстарына да белсене атсалыстым. Осылайша, шетелдік әріптестеріммен өзара тәжірибе алмасып, көп дүние үйрендім, - дейді жерлесіміз.


Дархан Нұрмағамбет АҚШ-тың Вирджиния штатына көшіп келгеннен кейін Қазақ-Америка қауымдастығын құрыпты. Басты мақсат – мұндағы қазақтардың басын қосып, ұлттық салт-дәстүрімізді насихаттап, кейінгі буынның бойына патриоттық сезімді ұялату.


– Аягөз ауданындағы Бидайық ауылында дүниеге келдім. Мен қазақы қаймағы бұзылмаған шығыс өңірінде туып өскенімді мақтан тұтамын. Сол себептен Америкаға келе салысымен қазақтарға арналған қауымдастық құрып, қандастарыма қолдан келгенше көмек көрсетіп келемін, - деп ағынан жарылды Дархан Нұрмағамбет.


Айта кетейік, жерлесіміз Америкаға көшіп келген жылы швейцариялық компанияда еңбек етіпті. Кейіннен АҚШ-тың аэронавтика мен ғарыш кеңістігін зерттеу ұлттық басқармасына жұмысқа орналасып, қанатқақты жобаларды әзірлеумен айналысқан. Ал жұбайы Аяулым болса, «Оракл» компаниясының директоры қызметін атқарыпты. Алайда, уақыт өте келе Дарханның жұбайы бұл жұмысын тастап, өнер саласына бет бұрған. Осылайша, «Балауса» хорын құрып, АҚШ-тағы танымал музыкалық ұжымның біріне айналған.


– Америкада жұмысқа орналасу еш қиындық тудырған жоқ. Өйткені, біздің елімізде берілетін білім бұл жақта жоғары бағаланады.Енді екі балам да осы ғарыш саласына бет бұрса деген ойым бар, - дейді Дархан Нұрмағамбет.


Бүгінде жерлесіміз ғарыш стансаларындағы автоматтандыру технологияларын жетілдіру жұмыстарымен айналысуда. Бұдан бөлек ол шетел асып кеткен қазақ балаларының басын жиі қосып, оларға қазақ халқының ұлттық құндылықтарын үйретеді.


– Шетте жүрген қазақ балалары туған жері туралы барлық ақпаратты білуі тиіс. Бұл – біздің, яғни, аға буынның басты парызы, - дейді Дархан Нұрмағамбет.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив