Бес баласынан айрылған үй. Отағасын түн ортасында жұмысқа шақырып алған
Бүгін түнде үй өртенді. Өртенген үйдің ішінде бес баланың өмірі де қиылды, деп хабарлайды Алтайньюс. Бұл туралы оқиға орнына барған Тенгриньюс сайтының тілшісі жазды.
Астанадағы Көктал-1 тұрғын алабындағы «времянкаларды» талай отбасы паналап отыр. Аталмыш отбасы да мұнда 4 жылдан бері тұрып келеді.
Туыстарының айтуынша, бес баланың үлкені 13 жаста, кішісіне небәрі үш ай болыпты. Қайғылы оқиға болған түні балалардың анасы түнгі кезекте жұмыста болған екен. Сол сәтте, қас қылғандай, балалардың жанында қалған отағасын да дереу жұмысқа шақырып алған. Ол көлік жөндеу бекетінде қызмет атқарады.
– Әкесі жұмысқа кеткенде түнгі сағат 2-де үйді барып бақылап келген едік. Бәрі тыныш еді. Ал сағат 3-те барып қарағанымызда өрттің күшейіп кеткенін көрдік, – дейді отбасының жақын маңда тұратын туыстарының бірі.
Құтқарушылар өртенген үйге хабар түсісімен 7 минутта келіпті. Бірақ бұл кеш болатын. Бөрене мен үйдің қаптауы жанып кетіпті. Өрттің белгісіндей ол жерде шала жанған баланың төсегі мен күйелеш-күйелеш ойыншықтар қалыпты.
Құтқарушылар сөзінше, өрт 40 минутта сөндірілген. Көрші үйлердің арасы да тым жақын. Өрттің оларға да шауып кетуі мүмкін еді.
Қара жамылған отбасына Астана әкімі Бақыт Сұлтанов көңіл айтты. Әкімшілік тарапынан жерлеу рәсіміне көмек болады.
– Мұғалімдері балалардың сабақты жақсы оқып, сыныптастарымен де жақсы қарым-қатынаста болғандығын айтады. Бірақ әкесі мен анасы да жұмыс істейтіндіктен, отбасы аз қамтылған топқа жатпайды. Десе де көпбалалы шаңырақ болғандықтан, мемлекеттік қолдаудан көмекақы алады, – деді қала әкімдігінің баспасөз хатшысы Эльвира Жүргенбаева.