KZ
Өскемен
+4°
туман жел 2 м/с, В
478.93 534.96 5.16

ШҚО тұрғындары қабылдау бекеттеріне 113 мың тонна сүт тапсырған

24.01.2019, 10:41 226

Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары сүт қабылдау бекеттеріне 113 мың тонна сүт құйған. Осылайша жергілікті сүт зауыттары қажетті шикізатпен 75 пайыз қамтылып отыр, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.


Әкімдік мәжілісінде облыс басшысы Даниал Ахметов осындай мәлімет айтты.


«2015 жылы сүт зауыттарының шикізатпен қамтылуы 29 пайыз ғана болатын. Үш жылдың ішінде 75 пайызға жетіп отыр. Халық 113 мың тонна сүт тапсырған. Жүйелі жұмыс орныққанын көрген «Восток-молоко», «Эмиль» сияқты кәсіпорындар өндіріс көлемін ұлғайтып, керегелерін кеңейтуде. Міне, осындай нақты нәтижелер қажет. Енді халықтың қолындағы малдың саны мен тапсырылған сүттің теңгеріміне талдау жасау керек. Яғни сүт зауыттары басымдықты шаруа қожалықтарға емес, қарапайым тұрғындарға беруі тиіс. Сүт қабылдайтын бекеттер халық үшін қойылып жатыр» - деді Даниал Ахметов.


Аталмыш мәжілісте ауыл шаруашылығына қатысты өзге де өзекті мәселелер талқыланды. Былтыр Шығыс Қазақстанға сырттан 10 мың бас сиыр әкелінуі керек болған. Оның орнына 3,2 мың бас қана жеткізілген. Бесқарағай, Бородулиха, Катонқарағай аудандары бір бас та мал сатып алмаған.


Облыс бойынща 9500 басқа арналған бес бордақылау алаңы салынуы тиіс еді. Оның орнына 6000 бастық үш алаң салынған. Жалпы өңірдегі мал бордақылау алаңдарына бір жылдың ішінде 34800 бас ірі қара қойылу керек болған. Нақты нәтиже 25 мың бас қана. Әйтсе де, бұл көрсеткіш жөнінен біздің облыс 75 пайыздық көрсеткішпен республика бойынша көш бастап тұр. Аягөз, Жарма, Көкпекті, Күршім, Үржар, Шемонаиха аудандары мен Семей қаласы сылбырлық танытпағанда бұл межені 100 пайыз орындауға да болар еді.

Агроөнеркәсіпті дамытудың 2017-2022 жылдарға арналған бағдарламасы бойынша биыл біздің облыс 1000 тонна сиыр етін эскпорттауы тиіс болатын. Оның орнына 272 тонна ет сатылған. Халықаралық эпизотикалық бюроның Шығыс Қазақстан облысын аусылға бейім өңір деп тануы Ресейге ет сатуға кедергі келтірсе керек. Соның кесірінен біздің ет Өзбекстанға экспортталған.


Тауарлы сүт фермаларын салу жоспары да жүз пайыз орындалмапты. 1250 орындық сегіз ферманың орнына 950 орындық алты нысан ғана бой көтерген. Биыл бұрынғылардың үстіне 15 сүт қабылдау бекетін қою жоспарланған болатын. Нақты нәтиже – 13 бекет. Катонқарағай және Күршім аудандары мойынға алған міндеттерін орта жолда қалдырып отыр.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив