Тетрапакеттегі сүттің зиянсыз екендігін қалай анықтауға болады?
Облысқа шетелден әкелінетін 289 өнім еліміздің техникалық регламент талаптарына сәйкес келмейді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Бұл ақпаратты өңірдегі қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің өкілдері де растап отыр. Талап үдесінен шықпайтын азық-түліктің көпшілігі Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркия сынды елдерден жеткізіліп отыр. Мамандар ет, сүт, балық, шұжық және шырын түрлеріне сараптама жүргізген. Мәселен,осы елдерден әкелінетін көптеген сүттің қаптамасында майлылық 4 % деп көрсетілсе, тексеру нәтижесінде оның үш пайыздан төмен екендігі анықталды.
Мамандардың айтуынша тұтынушыларға сапасыз тауарларды анықтау оңайға соқпайды. Дүкен сөресіне сүт сан түрлі өңдеуден өтіп түседі. Сүтті ұзақ мерзімде сақтау үшін оны түрлі тұрақтандырғыштар, ас содасы мен антибиотиктермен араластырады. Сүттің құрамында химиялық заттардың қосылғандығын анықтау үшін үйде мынандай тәжірибе жасап көруге болады:
-Стақанға 150 мл сүт құйып, оған бір қасық қаймақ қосыңыз да жылы жерге қойыңыз. Құрамы табиғи сүт 4 сағаттан кейін ашып кетеді, тіпті ұйып қалады.
- Сүттің құрамында сода бар екендігін анықтау үшін оған бір тамшы уксус қоссаңыз сүт көпіршіктене жөнеледі.
- Кейбір сүт өндірушілер оның қоюлығын арттыру үшін крахмал қолданады. Құрамында крахмалы бар сүтті анықтау үшін бір стақан сүтке бір тамшы йод қоссаңыз ол көк түске боялады.