KZ
Өскемен
+20°
пасмурно жел 4 м/с, ОШ
443.44 480.51 4.88

Алатын заттың құрамын анықтап қараңыз

16.02.2018, 09:49 158

Облыстағы қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің сарапшылары дүкен сөрелеріндегі азық-түліктердің қауіпсіздігіне мониторинг жүргізді. Тексеру қорытындысында өнімді сақтау шарттары жайында ақпараттың болмауы, өндіру мерзімі және таңбалаудың басқа да талаптарының орындалмауы, ішек таяқшасы тобының бактериясы анықталды.


Тексеру барысында 1944 сынама алынып, зерттелген. Қорытындысында 80 сынама Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық ережелерінің талаптарына сай болмай шықты. Атап айтсақ, өнімнің таңбалауы, микробиологиялық көрсеткіші, санитарлық-химиялық көрсеткіші, өзге жануарлардың ДНК-сы анықталуы немесе сояның болуы өнім қаптамасындағы таңбалауда жазылмағандықтан, тұтынушыны алдау немесе жаңылдыру оқиғалары болды. Мәселен, ет, шұжық өнімдерінде жылқы, сиырдың ДНК-сы анықталса да, таңбалауындағы өнім құрамында ол туралы көрсетілмеген. Ал ет консервілерінде соя ДНК-сы анықталса да, бұл өнімнің қаптамасында жазылмаған.


Осы мәселеге орай өткен баспасөз мәлихатында облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Ғазез Сүлейменов айтып өткендей, Өскемендегі «Айка» гастрономының кулинарлық өнімдері (жеке кәсіпкер Т.Байжұманова), «Семей ет-консерв комбинаты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өндірген ет консервілері, «Тамаша» фирмасының мұздатылған ет өнімдері (жеке кәсіпкер Дүйсембинова), Зайсан ауданындағы «Икеп» шаруа қожалығының ұн тарту цехында (жеке кәсіпкер Б.Нұрасыл), «ТПО АС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өнімдері талапқа сай келмеген. Сонымен қатар Өскемендегі «Аленка» ойыншықтар дүкенінде, Асубұлақ кентіндегі азық-түлік дүкенінде, Семейдегі «Иванушка» азық-түлік дүкенінде, Өскемендегі «Шығыс таңы» ЖШС-не қарасты «Сити-центр» сауда орталығында, Глубокое кентіндегі «Детский мир» ойыншықтар дүкенінде, Үржар ауылындағы «Береке» азық-түлік дүкені сияқты облыстың сауда желілерінде талапқа сай келмейтін өнімдер саудаланған.


Зерттеу қорытындыларына негізделген кемшіліктерді жою үшін сала департаментінің мамандары жоспардан тыс 40 арнайы тексеру жүргізген. Нәтижесінде 26 ұйғарым шығарылып, 113 450 теңгеге бес айыппұл салынды. Сауда желілерінен барлығы 368 490 теңгенің 311,68 келі тағам өнімдері алынып тасталды. Олар – соя ДНК-сы анықталған ет өнімдері, таңбалануы сәйкес емес балық консервілері, сүт өнімдері, нитрат деңгейі шамадан артық шырын өнімдері, темір мөлшерінің артық болуы себепті байытылған жоғары сұрыпты бидай ұны.


Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің мамандары сауда орындарындағы өнімдер құрамындағы гендік модификацияланған организмдерді (ГМО) анықтау мақсатында да тұрақты түрде зерттеу жүргізіп отырады. Осы зиянды қоспаның бар-жоғын анықтау мақсатында 2017 жылы дүкен сөрелеріндегі өнімдерден 540 сынама алынған. Облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті техникалық регламент талаптарының орындалуын бақылау бөлімінің басшысы Алена Кравченконың айтуынша, әр сынама бойынша он түрлі зерттеу жүргізілген.


– Тексеру нәтижесінде алынған сынамалардан ГМО анықталған жоқ. Оның мөлшері Кедендік одақтың техникалық ережелеріне сәйкес болуы тиіс. Яғни, өнімдегі ГМО мөлшері 0,9 пайыздан аспауы керек, – деді Алена Владимировна. - Мұндай зерттеулер Ұлттық сараптау орталығының Өскемендегі филиалында жүргізіледі. Өндіруші тауар қаптамасында өнімнің құрамында ГМО жоқ екендігін жазуы үшін ең алдымен мамандандырылған зертханада зерттеуден өткізуі тиіс. Тек соның қорытындысынан кейін ғана таңбалауды жазуына болады.

Бүгінде талаптарға сай келмейтін тауарлардың тізімі әзірленіп жатыр. Ол тізім қоғамдық денсаулық сақтау Комитетінің ресми сайтында жарияланатын болады.


Департамент басшысы Ғазез Қинаятұлы тұтынушыларды азық-түлік, баланың ойыншығы, басқа да тұрмысқа қажетті заттарды таңдау барысында өнімнің құрамын мұқият оқып, тіпті қажет болған жағдайда мемлекеттік тіркеу куәлігін сұрау керектігін баса айтты.


 


 


 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив