Қазақстандық дизайнер NASA байқауында жеңіске жетті
Қазақстандық дизайнер Әрсен Сексенбаевтың эскизі NASA байқауында үздік деп танылды. Енді АҚШ келісімшартқа отыруға ұсыныс жіберіп, жас маманды жұмысқа шақырып жатыр, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Қазіргі уақытта дизайнер алдын ала жасалған келісімшартпен танысып жатыр. Бұл туралы Tengrinews.kz «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап мәлімдеді.
Дереккөздің ақпаратына сүйенсек, қазір Әрсен Сексенбаевты достары мен таныстары құттықтап жатыр. Ол жеңісі жайлы жақындарынан біліпті..
– Келісімшартта көрсетілген талаптардың бірі бойынша мен АҚШ-қа өзім көшіп барамын. Отбасы туралы сөз жоқ онда. Бұл үш жылға жасалған келісімшарттық жұмыс болады, – дейді Сексенбаев.
Айта кетейік, NASA байқауына әлемнен барлығы 100-ден аса адам қатысты. Байқау талаптары бойынша, авторлар эскиздерінде барынша аз заттар қолданып, шығармашылық фантазияларын көрсетуі керек болатын. Кейінірек ол жұмыстарды онлайн қорғап, комиссия жеңімпазды анықтауы тиіс еді. Үш жеңімпаз анықталды - Англиядан келген Хью Тернер, ойындарға анимациялар ойлап табатын қытайлық Ли Хон Вы мен біздің отандасымыз Әрсен Сексенбаев.