Өскеменде жоғалған 16 жастағы жетім бала табылды
15 маусымда Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің Криминалдық полиция басқармасы қызметкерлерінің жедел іс-қимылдарының арқасында жоғалып кеткен облыс орталығындағы балалар үйлерінің бірінің тәрбиеленушісі, медициналық колледждің 16 жастағы студенті табылды.
Кәмелетке толмаған баланың жоғалғанын 10 маусымда Өскемен қаласы ПБ Жедел басқару орталығының "102" жедел арнасына тәрбие мекемесінің 47 жастағы қызметкері хабарлады. Оның айтуынша, бойжеткен балалар үйінің ғимаратынан шығып, қайта оралмаған.
Өтінішті ала салысымен, Өскемен полициясының жеке құрамы дереу іздеу жұмыстарына жұмылдырылды. Іздестіру шаралары барысында тәртіп сақшылары жоғалған бойжеткенді таныстарының үйінен тапты. Жасөспірім өз әрекеттерін балаларға арналған баспанада өмір сүргісі келмейтіндіктен жасадым деп түсіндірді.
Бүгінде өз қауіпсіздігі үшін бойжеткен тәрбиешілердің қамқорлығына қайтарылды.