Шекарадағы ауыл кітапханасы 85 жылдығын атап өтті - ШҚО
Биыл құрылғанына 85 жыл толып отырған Ақжар ауылдық кітапханасы да Тәуелсіздіктің 30 жылдығын талғамы терең, талабы жоғары оқырмандарымен бірге қарсы алуда.
Жуырда руханият ордасы 85 жылдық мерейтойын заманауи келбетті, екі қабатты жаңа ғимаратта атап өтті. Биыл аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, кітапхананың ішіне жөндеу жұмыстары жүргізілген. "Мен Тәуелсіздігімді тойлаймын" атты іс-шарада аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нәзипа Ахметова әріптестерін мерейлі мезетпен құттықтай келе, сала үздіктеріне аудан әкімінің алғыс хатын табыс-тады.
- Кітапхана ауыл халқы үшін маңызы зор, өте қажетті орын. Қазіргі уақыт дамыған ғаламтор заманы десек те кітапханамызға келуші оқырмандардың саны азайған емес. Себебі жанға қажет рухани азық пен інжу-маржан білімді тек кітап қана бере алады. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында азды-көпті еңбегімізді бағалап, бізді марапаттап жатқан аудан басшылығына алғысымыз зор. Барша қазақ елін Тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын дегім келеді, - деп тілек білдірді Ақжар ауылдық кітапханасының аға кітапханашысы Марияш Дюсекенова.
Сондай-ақ, кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға үлес қосқан Руслан Оразғалиев, Ербол Искаков, Қуаныш Қабидолдин, Жандос Мұхамедсағиев секілді тұрақты оқырмандар мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің марапаттарына ие болды.
Тәуелсіздік мерекесінің құрметіне түрлі жарыстарда жеңіске жеткен оқушы-жастарға ауыл кәсіпкерлерінің бағалы сыйлықтары берілді.
- Ауыл руханиятына үлес қосқан Үміт Нұрханова, Мерей Төлепбекұлы, Құрмантай Нүсіп, Айна Құрманбай, Тілеубек Абылайхан, Мұрат Азамат сияқты кәсіпкерлерге алғысымызды білдіреміз, - дейді кітапхана ұжымы.