ШҚО әкімі автожолдарда бақылауды күшейту қажеттігін айтты
Бүгін Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев ШҚО полиция департаментінің кеңейтілген жедел кеңесіне қатысты, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
ШҚО әкімі баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, аймақ басшысы полиция, киберполиция, жедел басқару орталығының жұмысымен танысып, департамент мұражайына барды. Кеңейтілген кеңесте облыс әкімі трассалардағы жол қозғалысын бақылауды күшейту қажеттігін атап өтті.
ШҚО Полиция департаментінің мәліметі бойынша, жол-көлік оқиғаларының дені қала сыртындағы жолдарда және жазғы кезеңде орын алады. Мәселен, өткен жазда 183 жол-көлік оқиғасы орын алып, 58 адам қайтыс болып, 358 адам зардап шекті.
Көбінесе апаттар жылдамдықты асырып, басып озу кезінде маневрдің қауіпсіздігіне көз жеткізбестен қарсы жолаққа шығып кететін жүргізушілердің тәртіпсіздігінен болады.
Айжанат Бақытқызы