Алтай ауданында Тәуелсіздік күніне орай Халыққа қызмет көрсету орталығы ашылды
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай Алтай ауданының Никольск ауылында Халыққа қызмет көрсету орталығы ашылды. Орталық тұрғындарға “бір терезе” қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтерді ұсынуға, өтініштерді қабылдап, дайын құжаттарды беруге бағытталған. Мұндай орталықтардың ашылуы ауыл тұрғындарының өмірін жеңілдетіп, мемлекеттік қызметтерді алу процесін жүйелеуге мүмкіндік береді.
Алтай ауданының әкімі Р. Құрмамбаев ауыл тұрғындарын мерекемен құттықтап, орталықтың ашылуы енді мемлекеттік қызметтерді алу үшін аудан орталығына барудың қажеті жоқ екенін атап өтті. Сонымен қатар, орталықта “Қазпошта” бөлімшесі, тірек учаскелік пункт орналастырылмақ. Әкімнің айтуынша, болашақта мұнда “Белсенді ұзақ өмір сүру” орталығы мен Қоғамдық кеңестердің жұмысын ұйымдастыру мүмкіндігі де қарастырылады.
Никольск ауылының тұрғыны Андрей Карпенко жергілікті атқарушы органдарға қажетті құжаттарды бір жерден алу мүмкіндігін жасағаны үшін алғысын білдірді.