KZ
Өскемен
-21°
туман жел 1 м/с, С
524.66 550.21 5.09

«Jan Ana» қоғамдық бірлестігі: көп балалы аналарды қолдау

16.12.2024, 18:00 191 Гульжан Мусина

Шығыс Қазақстанда «Jan Ana» қоғамдық бірлестігі көп балалы, жалғызбасты аналарға көмек көрсетуге бағытталған маңызды орталықтардың біріне айналды. Бұл ұйым мемлекеттік бағдарламалар арқылы аналарға қажетті қолдау көрсетіп, жұмыс табуға, тегін оқыту курстарына қатысуға, психологиялық көмек алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, мұнда құқықтық көмек те ұсынылады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

«Jan Ana» қоғамдық бірлестігі 2022 жылдың ақпан айында ресми түрде тіркелсе де, ол бес жылдан астам уақыт бойы көп балалы, аз қамтылған отбасыларға, ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған аналарға, жалғызбасты адамдарға тегін психологиялық және құқықтық көмек көрсетуде. Бұл бастама қазақ халқының ұлы дәстүрлеріне сәйкес келіп, әрдайым көмек қолын созған, жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған халқымыздың игі істеріне үлес қосып келеді.

Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау – басты назарда. Қазақстанда көптеген әлеуметтік бағдарламалар мен жобалар арқылы аз қамтылған және көп балалы отбасыларға көмек көрсетілуде. Алайда, «Jan Ana» сияқты ұйымдар халықтың нақты қажеттіліктеріне жауап беріп, осы бағдарламаларды тиімді іске асыруда маңызды рөл атқарады.

Бұл ұйым өз қызметінде, қоғамда теңдік пен әділеттілік орнату мақсатында, көп балалы аналарды еңбекке тарту, олардың әлеуметтік статусын арттыру үшін жұмыс істейді. Сол арқылы, көп балалы аналарға мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаумен қатар, өздеріне жаңа мүмкіндіктер ашылып, болашаққа сеніммен қадам басуға мүмкіндік беріліп отыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлтымыздың дүниетанымында әйелдің орны ерекше екенін атап өтіп, сұлулық пен нәзіктік, мейірім мен шапағат – бәрі де әйелдерден бастау алатынын жеткізді. «Шын мәнінде, әрбір адам үшін анадан ұлы, анадан қымбат ешкім жоқ. Ең қастерлі құндылықтарымыз «Жер-ана», «Отан-ана» ұғымдарымен тығыз байланысты. Ата ұлды, ана ұлтты тәрбиелейді» деген болатын.

- Әйелдердің қоғам дамуына үлкен үлес қосатыны белгілі. Осыны негізге ала отырып, біздің бірлестік аналардың конституциялық, экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, олардың белсенділігін арттыруға, яғни үйде отырған көп балалы аналарды еңбек қызметіне тартуға бағытталған, - дейді «Jan Ana» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Гүлжамал Бершімбекова.

Қазіргі уақытта Гүлжамал Бершімбекова жиырмадан астам адамнан тұратын жұмыс тобын басқарып отыр. Ол көптеген тағдыр соққыларына мойымастан, жетістіктерге жетті. Әкесі ерте қайтыс болып, бес ағасы мен әпкесімен бірге өскендіктен, көп балалы аналардың жағдайын өте жақсы түсінген. 2011 жылы денсаулығы нашарлап, төсекте жатып қалған Гүлжамал өзіне «егер аяғыма тұрып кететін болсам, өмірінің соңына дейін көп балалы, асыраушысынан айырылған отбасылардың мәселелерін шешуге көмектесемін» деп сөз берген екен.

- Мен өзімнің жинаған біліміммен, өмірлік тәжірибеммен бөліскім келді. Мен көп балалы отбасында әкесіз өстім.  Және осындай отбасыларға ешқандай мемлекеттік көмек көрсетілмейтінін өз басымнан өткердім. Өскен соң, осы отбасылардың балаларының өмірінде қиындықтар болатынын байқадым. 2019 жылы Астанада емделіп жүргенде өрттен бес ағайынды сіңілілер қайтыс болғаны баршаға мәлім. Оқиға орнына барып, бәрін өз көзіммен көрдім. Өскеменге оралып, бірден көп балалы аналар тобын құрдым. Қала әкімдігіне барып, барлық мәселерімізді айттым. Сол кезден бастап, біздің тобымызда 7 көп балалы ана болды. Қазір бізге 5 жылдан асты, ал біздің қатарымыз үш есе өсті. 2022 жылы ресми тіркеліп, қоғамдық бірлестік мәртебесіне ие болдық, - деп еске алады Гүлжамал Бершімбекова.

Қоғамдық бірлестік жетекшісінің айтуынша, қазіргі уақытта көп балалы және аз қамтылған отбасыларға мемлекет тарапынан үлкен көмек көрсетілуде. Алайда Қазақстанда өз үйлері жоқ және пәтер жалдауға мәжбүр болған көптеген отбасылар бар. Осыған байланысты «Jan Ana» қоғамдық бірлестігі көп балалы отбасыларға әлеуметтік тұрғын үй беруді мемлекет тарапынан шешуге белсенді түрде көмек көрсетіп келеді.

Біз қоғамдық бірлестік ретінде тіркелгеннен кейін «Asar-Ume» қайырымдылық қорының жетекшілері біздің жұмысымызбен танысып, осы саладағы қор модераторы болуды ұсынды. Мен бұл ұсынысты қуана қабылдадым, өйткені біздің жұмыспен қордың жұмысы тығыз байланысты. Осылайша біз ондаған отбасыға мемлекеттен өз үйлерін алуға көмектестік. Бұл жұмыс жалғасатын болады, - дейді Гүлжамал Бершімбекова.

Биыл қоғамдық бірлестік тұрғын үй мәселелері бойынша жиын өткізіп, көп балалы жалғызбасты аналарға арналған мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін талқылады.

«Jan Ana» қоғамдық бірлестігі тек көп балалы отбасылардың мүдделерін қорғап қана қоймай, оларға тұрмыстық жағдайдан шығуға көмектеседі. Мысалы, аналар қаржылық сауаттылықтарын арттырып, форумдарға қатысып, қоғамдық жұмыс арқылы түрлі марапаттарға ие болуда.

Гүлжамал Бершімбекова атап өткендей, көп балалы аналар кез келген жұмысты сапалы орындауға қабілетті. Қазіргі уақытта жұмыс тобы Шығыс Қазақстан облысында көп балалы жалғызбасты аналарды тегін тігіншілік, шаштараз ісі және басқа да пайдалы дағдыларға үйретуде.

- «Jan Ana» қоғамдық бірлестігі құрылғаннан кейін біз аналарды тігіншіліктен оқыта бастадық. Себебі бұл кәсіпті кез келген әйел үйрене алады, тек қолдау көрсету қажет. Былтыр мәселен, он екі ана тігін курсын аяқтап, қазір олар балаларымен бірге үйлерінде жұмыс істейді. Біз қазіргі уақытта аудан және облыс орталығында мектеп оқушыларына арналған ұлттық киімдер тігумен айналысып жатырмыз. Ал шаштараз курсын он екі ана бітірді, олардың кейбіреулері өз бизнесін ашты, - дейді Гүлжамал Бершімбекова.

Қоғамдық бірлестік мүшелері түрлі қайырымдылық акцияларына қатысып, мемлекеттік мерекелерге арналған барлық шараларға белсенді түрде атсалысады. Олар өздерінің ісіне жан-тәнімен беріліп, мұқтаж жандарға көмек көрсетуге тырысады. Мысалы, Түркияда болған жойқын жер сілкінісінен кейін олар зардап шеккендерге өздерінің өндірген 100 көрпе мен 100 жастықты жіберді. Ал Абай облысындағы орман өртінен кейін олар азық-түлік жинап, 100 килограммнан астам ет дайындап, өртпен күресіп жатқан батырларға жіберді.

- Мерекелерге де үлес қосып отырады. Әдетте, біз көктемнің алғашқы жарқын мейрамы – Алғыс айту күнімен бастаймыз. Содан кейін қала мектептері арасында «Қыз – ұлт болашағы» атты облыстық конкурс өткіземіз, бұл отбасылық саясатты нығайтуға, ене мен келін арасындағы өзара түсіністікті орнатуға бағытталған. Балаларды қорғау халықаралық күні біз әдетте қала саябақтарында түрлі шаралар өткіземіз, сондай-ақ өз жұмыстарымызды әртүрлі көрмелерде ұсынамыз, - дейді ол.

«Jan Ana» қоғамдық бірлестігі өз мүмкіндіктерін кеңейтіп, жұмыс ауқымын арттыруды жоспарлап отыр.

- Әлеуметтік бастамаларға үлес қосып жатқаныма қуаныштымын. Біз бастаған кезде көптеген жылдар бойы шешілмеген мәселелерді шешу қажеттілігімен бастадық. Кейінгі жылдары аналарымыз жаңа мамандықтарды үйреніп, өз бетімен ақша таба алатын мүмкіндік алды. Осылайша, біз қоғамның көзқарасын біртіндеп өзгертіп жатырмыз, - деп түйіндеді Гүлжамал Бершімбекова.

Фото: «Jan Ana» қоғамдық бірлестігі мұрағатынан

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу