KZ
Өскемен
-13°
облачно с прояснениями жел 2 м/с, СБ
510.18 601.91 6.51

Қорғаныс министрі: "Басты міндет – экипаждың тағдырын анықтап, туған-туыстарына қолдау көрсету"

31.07.2025, 12:00 204 Ержан Әбіш

Қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов Сорбулак көлінде жоғалып кеткен Әуе қорғанысы күштеріне тиесілі EC-145 тікұшағын іздеу барысымен танысты. Бұл туралы Altainews.kz ҚР Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Іздеу жұмыстары жүріп жатқан аймақта Әуе қорғанысы күштерінің қолбасшысы, авиация генерал-майоры Асқар Избасов министрге табиғи және техногендік ерекшеліктерге байланысты жоғары техникалық жабдықтау мен үйлесімді әрекетті талап ететін күрделі іздеу операциясы туралы баяндады.

Оның айтуынша, Сорбулак көлінің батпақты түбі, күрделі бедері мен өзгермелі тереңдігі, сондай-ақ судың лайлығы іздеуді қиындатуда. Соған қарамастан, 25 шілдеде жоғалып кеткен тікұшақ бортындағы экипаж мүшелерінің орнын анықтау мақсатындағы ауқымды іздестіру-құтқару жұмыстары тәулік бойы тоқтаусыз жүргізіліп жатыр.

Іздеу аймағында Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов жоғалған ұшқыштардың туыстарымен кездесіп, оларға моральдық қолдау білдірді. Ол операцияның тәулік бойы үздіксіз жалғасып жатқанын айтып, барлық мүмкін ресурстар жұмылдырылғанын жеткізді.

– Біз соңына дейін іздейміз. Қанша уақыт қажет болса да, тоқтамаймыз. Туыстары мен жақындарына жан-жақты көмек көрсетіліп жатыр. Біз күн сайын байланыстамыз. Бұл қайғылы жағдайдың себептерін анықтау және із-түзсіз кеткен ұшқыштарды табу үшін бар күшімізді саламыз, – деді министр.

Жоғалған экипаж командирі Нұржігіт Үйсінбаевтың ағасы Медет Ержігіттің айтуынша, туыстары таңнан түнге дейін оқиға орнында орналасқан жедел штабтың жанында жүр. Олар іздеу тобының құрамында Сорбулак көлін тікұшақпен шолып, әуеден ешқандай із байқалмағанына көз жеткізген.

Еске салайық, іздеу-құтқару операциясына 400-ден астам адам, кинологиялық топтар, 70-тен астам арнайы техника, 21 жүзу құралы, 10 ұшқышсыз ұшу аппараты, эхолоттар және суасты сканерлеу құралдары жұмылдырылған.

Дмитрий Чжан

Фото: ҚР Қорғаныс министрлігі

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу