Шемонаиха ауданында спорттық сайыстар өтті – ШҚО
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің 30 жылдығына орай Шемонаиха ауданында ел қауіпсіздігі үшін аянбай тер төгіп жүрген құрылымдар бас қосқан мерекелік спорттық жарыс өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бұл айтулы шараға Глубокое, Шемонаиха, Риддер, Абай облысының Бородулиха аудандарының бөлімшелері мен кәсіби әскери апаттық-құтқару қызметі (КӘАҚҚ) қатысып, өрт сөндіру кроссфитінен күш сынасты. Құтқарушылар үшін бұл – тек спорт емес, өз кәсібіне деген адалдық пен шеберлікті паш етудің тағы бір мүмкіндігі еді.
Жарыс қорытындысы төмендегідей болды:
🥇 1-орын – Шемонаиха аудандық төтенше жағдайлар бөлімі. Олар үздік нәтиже көрсетіп, жоғары физикалық дайындық пен кәсіби біліктіліктің озық үлгісін көрсетті.
🥈 2-орын – Риддер қаласының құтқарушылары.
🥉 3-орын – КӘАҚҚ командасы.
Осыдан кейін алаңды волейболшылар қыздырды. Турнирге еліміздің күштік құрылымдары – Шекара қызметі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменті (ҰҚКД), Полиция департаменті (ПД), Төтенше жағдайлар департаменті (ТЖД), Шемонаиха қаласының құрама командалары мен Үлбі металлургиялық зауытының (ҮМЗ) өкілдері қатысты.
Тартысты өткен ойындарда спортшылар тек мықтылық пен шапшаңдықты ғана емес, бірлік пен ұйымшылдықты да паш етті. Әр матчта алаң көрерменге әсерлі комбинациялар мен шынайы спорттық эмоциялар сыйлады.
Волейбол турнирінің нәтижесі:
🏆 1-орын – Төтенше жағдайлар департаменті. Финалда ҮМЗ командасын тізе бүктіріп, жарыста қос жеңіске бірдей қол жеткізді.
🥈 2-орын – ҮМЗ командасы.
🥉 3-орын – Шемонаиха-1 командасы.
🏅 4-орын – Шекара қызметі.
Бұл күн – жай ғана кәсіби мереке емес. Бұл – ел үшін жанын шүберекке түйіп жүрген ерлердің еселі еңбегі мен жанқиярлығын дәріптейтін, төтенше жағдай ғана емес, өмірдің кез келген сынағына дайын болудың маңызын ұғындыратын ерекше күн. Спорт – бұл да күрес. Ал жеңіс – табандылық пен татулықтың жемісі.






