KZ
Өскемен
-5°
облачно с прояснениями жел 3 м/с, ОШ
509.94 593.88 6.43

Бала денсаулығын сақтау саласы жаңа кезеңге өтеді – ШҚО

depositphotos.com

22.10.2025, 18:15 194 Базарова Айгүл

Шығыс Қазақстан облысындағы балалар денсаулығын сақтау бағытындағы жұмыс республикалық деңгейдегі жаңғырту жобасына енді. Оның аясында балалар ауруханалары заманауи медициналық орталықтардың қатарына қосылмақ, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Жоба балаларға жоғары сапалы медициналық көмек көрсетуді кеңейтуге, кадрлық әлеуетті арттыруға және материалдық-техникалық базаны жаңартуға бағытталған.

Құзырет орталықтары ашылады

Денсаулық сақтау министрлігі қолға алған облыстық ауруханаларды жаңғырту бағдарламасы шеңберінде еліміз бойынша эндокринология, нефрология, ревматология, гастроэнтерология, кардиология, пульмонология, гематология және госпиталь қорын ұйымдастыру бағыттары бойынша 22 жаңа құзырет орталығы ашылды.

2028 жылға дейін осындай орталықтардың саны 17-ден 55-ке дейін артпақ. Бұл бағытта Шығыс Қазақстан облыстық көпбейінді балалар ауруханасы да белсенді қатысуда. Мұнда өңірлік деңгейде балаларға жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік беретін жаңа құрылымдық бөлімшелер ашылуда.

Жаңа құзырет орталықтарының жұмыс істеуі өңірде бұрын тек республикалық деңгейде көрсетілетін кейбір мамандандырылған медициналық қызмет түрлерін енді жергілікті жерде алуға жағдай жасайды. Бұл өз кезегінде ата-аналар мен балалардың басқа аймақтарға бару қажеттілігін азайтып, уақыт пен қаражат үнемдеуге мүмкіндік береді.

Төсек қоры ұлғайып, жабдық жаңартылады

Жоба аясында облыстық балалар ауруханаларының төсек қорын қайта қарау жұмыстары жүргізілуде. Ел бойынша төсек саны 5,7%-ға, яғни 5319-дан 5621-ге дейін ұлғаймақ. Бұл балаларға стационарлық көмектің қолжетімділігін арттыруға және медицина қызметкерлеріне түсетін жүктемені азайтуға ықпал етеді.

Сонымен қатар, медициналық жабдықтарды жаңарту және жаңа қондырғылар сатып алу шаралары қолға алынған. 2028 жылға дейін балалар ауруханаларындағы жабдықтар саны 598 бірлікке дейін артады.

Шығыс Қазақстан өңіріндегі ауруханалар заманауи диагностикалық, зертханалық және реанимациялық жабдықтармен қамтамасыз етіліп, жаңа технологиялардың енгізілуі емдеу сапасын айтарлықтай жақсартады деп күтілуде.

Кадрларды оқыту және тәжірибе алмасу

Балаларға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттырудың маңызды бөлігі – дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлерін даярлау.

Осы мақсатта Шығыс Қазақстан облысының мамандары Астана қаласының №2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасының базасында оқудан өтуде. Бұл жерде заманауи емдеу хаттамалары, халықаралық стандарттар мен жаңа технологияларды қолдану бойынша тәжірибе алмасу жүргізілуде.

Жалпы республика бойынша 1000-нан астам медицина қызметкерін оқыту жоспарланған.

Тарифтер өсіп, сала тұрақтылығы артады

Саланы қаржыландыруды жетілдіру шеңберінде Денсаулық сақтау министрлігі балалар бейіні бойынша медициналық қызметтерге арналған тарифтерді қайта қарауда.

Тарифтерді көтеру келесі бағыттарда жоспарланған:

кардиология – 21%;

пульмонология – 39%;

ревматология – 18,7%;

нефрология – 7%;

гастроэнтерология – 20%;

эндокринология – 42,7%.

Бұл шешім балалар ауруханаларының қаржылық тұрақтылығын нығайтуға, бейінді бағыттарды дамытуға және көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Болашаққа бағыт

Шығыс Қазақстан облысы бойынша атқарылып жатқан жаңарту жұмыстары өңірдегі балалар денсаулығын қорғау жүйесін жаңа деңгейге көтереді деп күтілуде.

Құзырет орталықтарының ашылуы, заманауи жабдықтардың орнатылуы және медицина кадрларын даярлау — бұл шаралардың барлығы аймақтық денсаулық сақтау саласын жүйелі түрде жаңғыртудың нақты нәтижесі болып табылады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу