Көршінің артық қолданған суына мен неге төлеуім керек?
gov.kz
Өскемен қаласының тұрғыны Нұрлан Қалиев Altainews.kz редакциясына хат жолдап, әлеуметтік желіден көзіне түскен тосындау ақпарат туралы жазды. Онда «2025 жылғы 1 қарашадан бастап көршінің артық пайдаланған суын бүкіл үй болып төлейді» деп көрсетілген. «Бұл қаншалықты рас? Пәтерлердегі адам саны да әртүрлі ғой. Оның үстіне, әр үйде су есептегіші бар емес пе? Сонда неге бәріміз бірге төлейміз?» – деп сұрады ол.
Сауалға Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы істері комитеті төрағасының орынбасары Нұрсұлтан Керемқұлов жауап береді:
Жаңа ережеге сай, егер бір тұрғын суды заңсыз пайдаланып немесе есептегішсіз тұтынса, оның айырмасын бүкіл үйдің тұрғындары төлеуге мәжбүр болады.
Енді су қалай есептеледі:
▪️ Егер пәтерде су есептегіш орнатылмаған болса – төлем әкімдік бекіткен орташа норма бойынша есептеледі (әр тіркелген адамға шаққанда);
▪️ Егер кей пәтерлерде есептегіш бар, ал басқаларында жоқ болса – төлем аралас әдіспен (есептегіш деректері + норматив) есептеледі;
▪️ Егер барлық пәтерде есептегіш бар, бірақ жалпы есеп пен жеке есеп арасында айырмашылық болса, ол айырма барлық тұрғындарға тең бөлінеді.
Мысалы, егер жалпы көпқабатты үйдің есептегіші 100 текше метр (м³) су жұмсалғанын көрсетсе, ал жеке есептегіштердің жиынтығы 95 м³ болса — жетіспейтін 5 м³ су көлемі барлық пәтерлерге пропорционалды түрде бөлінеді.
Басқаша айтқанда, біреу суды есептегіштен артқа айналдырып пайдаланып отырса, оның шығынын барлық көрші төлеуге мәжбүр.
Министрлік мұндай әдіс суды үнемдеуге, заңсыз тұтынуды азайтуға және есеп жүйесін әділ етуге бағытталғанын түсіндіреді. Бұған дейін кейбір тұрғындар суды есептегішке қоспай немесе кері айналдырып пайдаланып келген. Енді ондай әрекеттің салдары көршілердің қалтасына әсер етеді.
Жаңа ереже 2025 жылдың 1 қарашасынан бастап күшіне енді.
Дәурен Аллабергенұлы