KZ
Өскемен
-2°
туман Штиль
522.38 612.6 6.54

Келешек мектептері – бүгінгінің ақиқаты

14.11.2025, 16:30 161 Базарова Айгүл

Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде «Келешек мектептері» ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. Бұл – бұған дейін қолға алынған «Жайлы мектеп» жобасының қисынды жалғасы. Басты мақсат – әрбір баланың тұратын жеріне қарамастан, сапалы білім алуға тең мүмкіндікке ие болуын және заманауи әрі қауіпсіз ортада оқып, дамуын қамтамасыз ету. Өңірімізде осы жоба аясында үш мың оқушыға арналған жеті мектеп салынып, пайдалануға берілді, деп хабарлайды Altainews.kz.

ӘРБІР БАЛАҒА –ТЕҢ МҮМКІНДІКТЕР

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында еліміз бойынша 460 мың оқушыға арналған 217 жаңа форматтағы мектеп салу көзделген болатын. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, бүгінде өңірлерде 176 жалпы білім беретін мектеп бой көтеріп, жыл соңына дейін тағы 41 оқу орны пайдалануға берілмек.

Жаңа үлгідегі мектептердің жартысына жуығы ауылдық жерлерде салынып жатыр. Бұл 200 мыңнан астам ауыл балаларына жайлы оқу ортасына қол жеткізуге мүмкіндік береді. Жоба – қала мен ауыл арасындағы білім сапасы мен оқу жағдайындағы айырмашылықты азайтуға бағытталған негізгі қадам.

– Бұл модель ел бойынша орта білім сапасын арттырудың стратегиялық негізі, – деген еді сол кездегі оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев брифингтердің бірінде. – Мұны элиталық мектептер деп емес, жаңа форматтағы жалпыға бірдей білім мекемелері деп қабылдау қажет. Біз осы жаңа мектептерге «Келешек мектептері» деген атау беруді ұсынамыз. Өйткені олардың миссиясы – әр баланың болашағына тең мүмкіндік ашу, Қазақстанның ертеңгі мектебі болу.

Жаңа мектептердің басты артықшылығы – кең әрі эргономикалық оқу кеңістігі. Олардың жалпы ауданы бұрынғы типтік ғимараттардан 15–20 пайызға үлкен, ал техникалық жабдықталуы төрт есе жоғары.

Барлық мектеп заманауи жиһазбен, зертханалармен және қауіпсіздік жүйелерімен толық қамтылған. Бастауыш және жоғары сынып оқушыларына арналған бөлек блоктар қарастырылған, бұл балаларға барынша жайлы орта қалыптастырады.

Айрықша басымдық отандық өндіріске беріліп отыр. Мектептердегі жиһаз, құрылыс материалдары мен оқу жабдықтары тек қазақстандық өндірушілерден сатып алынады.

Мемлекет заманауи білім беру ортасын қалыптастыру бағытындағы жүйелі жұмыстарды жалғастыруда. Жаңа оқу жылы қарсаңында еліміз бойынша 115 мың оқушыға арналған 83 жаңа мектеп есігін айқара ашты. Оның 57-сі – «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған нысандар. Соның нәтижесінде еліміздің бес өңірінде үш ауысымды оқыту мәселесі толық шешімін тапты.

ЖАҢА ИДЕОЛОГИЯ

Бұрынғы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев «Болашақ мектептері: стратегиялық мақсаттар мен нақты нәтижелер» атты панельдік сессия барысында «Келешек мектептері» – бұл жай ғана инфрақұрылымдық жоба емес, бүкіл білім беру жүйесінің жаңа идеологиясы екенін атап өткен болатын. Болашақ мектептерін басқарудың бірегей моделі әзірленді. Оны іске асыруға Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан тағы бір стратегиялық бастама – «Білім берудегі 1000 көшбасшы» жобасы көмектеседі. Жоба халықаралық тәжірибе негізінде құрылған, онда мектеп директорларын тағайындар алдында арнайы даярлау міндетті норма болып саналады. Осылайша, жаңа форматтағы «Келешек мектептерін» арнайы оқудан өткен директорлар басқаратын болады.

Білім сапасын арттыру мақсатында Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы жанынан «Келешек мектептері» басқару институты құрылды. Оның негізгі міндеті – мектептерді дәстүрлі «сыныпқа бағытталған» үлгіден «оқушыға бағытталған» модельге көшіру. Бұл жүйеде оқушы оқу үдерісінің белсенді қатысушысына айналады. Мұндай тәсілді жүзеге асыруға жасанды интеллект пен ұжымдық жауапкершілік тетіктері көмектеседі. Институт сонымен қатар халықаралық талаптарға сай ұлттық аккредитация стандарттарын әзірлеумен айналысады. Келесі жылдан бастап қазақстандық мектептерді аккредитациялау процесі басталмақ.

Сонымен бірге академия жанынан «AI lab» зертханасы құрылды. Онда оқу ресурстары әзірленіп, жасанды интеллект сауаттылығын бағалау құралдары дайындалады, сондай-ақ деректерді талдау және басқарушылық шешімдер қабылдау үшін LMS-платформа енгізілуде.

«Келешек мектептері» жобасы тек заманауи сәулеттік және техникалық талаптарға сай келетін емес, барлық балаларға, соның ішінде ерекше қолдауды қажет ететіндерге де қолжетімді мектептер құруды көздейді. Жаңа мектептерде кедергісіз орта қалыптастырылған: пандустар, лифтілер, тактильді белгілер, арнайы санитарлық бөлмелер, инклюзивті кабинеттер, сенсорлық аймақтар, психологтар, логопедтер мен дефектологтармен жеке жұмыс жүргізуге арналған кабинеттер қарастырылған.

Бұл мектептердегі тәрбиелік үдеріс тек білімді ғана емес, сонымен қатар жауапкершілігі жоғары, адал әрі бастамашыл азаматты қалыптастыруға бағытталған. Бұған дейін Оқу-ағарту министрлігі мәлімдегендей, жобаның аясында экологиялық мәдениетті және қоршаған ортаға ұқыпты қарауды қалыптастыру – маңызды бағыттардың бірі. Бастауыш сыныптардан бастап кәсіби бағдар беру жұмысы жүргізіліп, тәлімгерлік жүйесі енгізілуде. Оқушыларды еңбекке баулу және олардың шығармашылық әлеуетін ашу үшін мектептерде әмбебап шеберханалар мен студиялар, сондай-ақ бастапқы кәсіби дайындыққа арналған арнайы кабинеттер жабдықталған.

НАҚТЫ НӘТИЖЕЛЕР

«Келешек мектептері» жобасы аясында облыста барлығы үш мың оқушыға арналған жеті заманауи мектеп салынып, пайдалануға берілді. Қазіргі таңда жаңа мектептерде 4 049 оқушы білім алып, 368 білікті педагог сабақ береді. Барлық оқу орындары білім беру қызметіне лицензия алған.

Жаңа білім ордаларының географиясы кең: Өскемен қаласындағы №31, №40, №41 мектептері, Риддер қаласындағы №12 мектеп, Глубокое ауданының Белоусовка кентіндегі №2 және Опытное Поле ауылындағы мектептер, сондай-ақ Шемонаиха ауданындағы Шәкәрім атындағы №4 мектеп.

Облыстық білім басқармасының мәліметінше, бұл мектептердің барлығы STEM-зертханалармен, робототехника кабинеттерімен, заманауи физика, химия және биология кабинеттерімен толық жабдықталған. Оқушылардың жайлы оқуына арналған коворкинг-аймақтар, демалыс және өзіндік жұмыс кеңістіктері де қарастырылған.

Сонымен қатар білім алуда ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін кедергісіз орта жасауға айрықша назар аударылған.

Жаңа мектептердің ашылу салтанаттары әр жолы үлкен мерекеге айналды. Мәселен, Риддер қаласындағы 600 орындық үш қабатты №12 мектептің ашылуына облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысып, мұндай нысандар елдің болашағының берік негізін қалыптастыратынын атап өтті. Қалалық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Батырбек Әбиевтің айтуынша, құны 5,5 млрд теңге болатын бұл мектеп – «Келешек мектептері» жобасының пилоттық кезеңіне енген.

Жаңа оқу жылының басында Шемонаиха қаласындағы Шәкәрім атындағы №4 мектепте Ашық есік күні өтті. Ата-аналар жаңа білім ошағымен танысып, зертханаларды, сынып бөлмелерін және демалыс аймақтарын аралап көрді.

– Мектеп өте кең, жарық әрі заманауи. Балалардың ыңғайы үшін жеке шкафтар, бейнебақылау және қауіпсіздік жүйесі орнатылған. Мұнда балалар өздерін еркін сезінеді, мектепке қуана келеді, – дейді оқушылардың бірінің анасы Алёна Агафонова.

ОТАНДЫҚ ӨНДІРУШІЛЕРДІ ҚОЛДАУ

Мектептердің құрылысы кезінде басымдық қазақстандық материалдарға беріледі. Негізгі конструкциялар, қалқалар, шатыр және әрлеу жұмыстарына арналған бетон, цемент, кірпіш, қиыршық тас және жылу оқшаулағыш заттар — барлығы да отандық өндірістен алынады. Мердігерлер индустриялық сертификаттары мен СТ-KZ сертификаттары бар қазақстандық жиһаз өндіруші кәсіпорындармен келісімшарттар жасайды.

Мәселен, Ұлан ауданындағы Таврия ауылында тұратын жеке кәсіпкер Сергей Кучерин «Келешек мектептері» жобасы аясында салынған бірқатар мектептерге жиһаз жеткізуге тапсырыс алған.

– Біз шкафтар, үстелдер, парталар – мектепке қажеттінің бәрін жасадық, – дейді Сергей Кучерин. – Бұған дейін де мектеп жиһазын шығаруда тәжірибеміз бар еді. Шығыс Қазақстан облысынан бөлек, Абай облысына да өнімдерімізді жеткізгенбіз.

Жобаға қатысудың нәтижесінде кәсіпорын өндірістік қуатын жаңартуға ұмтылды.

– Бұл жолы мектептерге қойылатын талаптар жоғары болды, – дейді кәсіпкер. – Біз арнайы жалпақ әрі сопақша келген құбыр сатып алдық, соған арналған құбыр ию станогын да алдық. Жаңа парталарды сол жабдықта жасадық.

Материалдың сапасына ерекше мән берілді. Кәсіпкердің айтуынша, талаптар көбіне түс үйлесімділігіне қатысты болғанымен, жаңа жиһаз конструкциясын жасау да қажет болды.

– Бұрын орындықтарға міндетті түрде фанера қолданылатын. Қазір «ауа пластигі» деген жаңа материал пайдаланылады – ол жұмсақ әрі ыңғайлы, отыруға өте қолайлы, әуе жастығындай әсер береді. Біз сол орындықтар мен арқалықтарды сырттан алдырдық, ал қалғанының бәрін өзіміз жасадық, – дейді кәсіпкер.

Кәсіпорын үшін бұл жоба айтарлықтай экономикалық серпін берді. Өнім айналымы артты, қызметкерлердің жалақысы өсті.

Сонымен қатар, компания өзін жақсы қырынан көрсетіп, жаңа тапсырыс берушілер тапты.

Сергей Кучериннің пікірінше, мұндай жобаларға жергілікті өндірушілердің қатысуы стратегиялық маңызға ие.

– Мұндай істерге міндетті түрде жергілікті кәсіпорындар қатысуы керек, – дейді ол. – Өйткені бұл – өндірістің дамуы. Біз жаңа үлгідегі парталар шығару үшін жаңа жабдық сатып алып, мамандарды оқыттық. Ел ішіндегі тапсырыстар кәсіпорындардың технологиялық өсуіне ықпал етеді. Бұл – даму, бұл – техникалық мүмкіндіктердің артуы. Болашақта жергілікті компаниялар бәсекеге қабілетті бола түседі.

«Келешек мектептері» ұлттық жобасы – жай ғана құрылыс бағдарламасы емес, ол білім берудің жаңа философиясына айналды. Бұл – заманауи технологиялар, идеялық құндылықтар мен тең мүмкіндіктердің үйлесімі. Жоба мемлекет, ұстаздар, ата-аналар және жергілікті өндірушілердің күшін біріктіріп, бір ғана мақсатқа – әрбір қазақстандық баланың жайлы, қауіпсіз және шабыт беретін ортада білім алуына бағытталған.



Кристина Кирдяпкина

Айна Ескенқызы

Фото: Махаббат Ахметжанова


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу