Биыл отандық аграршылар 25 мың ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды
Қазақстан агросаласы соңғы жылдары жаңа серпін алып, машина-трактор паркін жаңғырту бағытында айтарлықтай алға жылжыды. 2025 жылы еліміздің шаруашылықтары 25 мыңнан астам жаңа техника сатып алып, өндірістік процестерді тиімді етуге маңызды қадам жасады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ауыл шаруашылығы министрлігі сала әлеуетін арттыру үшін техниканы жаңарту және озық технологияларды енгізу бағытындағы мемлекеттік қолдау шараларын кезең-кезеңімен күшейтіп келеді. Соның бірі – инвестициялық субсидиялау тетігі. Бұл бағдарлама аясында техника құнының 15%-дан 30%-ға дейінгі бөлігін өтеу мүмкіндігі қарастырылған. Бұдан бөлек, мемлекет кредит пен лизингтің пайыздық мөлшерлемесін де субсидиялап, басым техника түрлері үшін ставканы 6%-ға дейін, өзге техника үшін 15%-ға дейін төмендетіп отыр.
Сонымен қатар жылдық 5% мөлшерлемемен, 7 жыл мерзімге берілетін жеңілдетілген лизинг бағдарламасы жалғасуда. 2025 жылға осы бағытқа 250 млрд теңге қаржы бөлінді. Осындай қолдаудың арқасында мемлекет бойынша машина-трактор паркі 6,5%-ға жаңарып үлгерді.
«ҚазАгроҚаржы» АҚ деректеріне сүйенсек, өткен жылы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер 228,5 млрд теңгеге 10,5 мың дана техника сатып алған. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 37%-ға жоғары көрсеткіш. Әсіресе өздігінен жүретін техникаларға сұраныс артқан: тракторлар – 4729 дана (+66%), комбайндар – 924 дана (+80%).
2025 жылғы 1 қарашадағы мәлімет бойынша 255 млрд теңгеге 10 100 дана техника лизингке берілген, бұл өткен жылдың осы кезеңінен 10%-ға көп.
Жалпы, биыл шаруашылықтар сатып алған 25 мың бірлік техника – ауыл шаруашылығындағы сұраныстың тұрақты өсімін және мемлекеттік қолдаудың нақты нәтижесін айғақтайды.
Мемлекеттік ынталандыру бағдарламалары ауыл шаруашылығы техникасын өндірушілерге де мультипликативтік әсерін тигізуде. Қазір елімізде трактор, комбайн, бүріккіш және өзге де техника түрлерін құрастыратын 10 зауыт жұмыс істейді. Қазақстан сондай-ақ әлемге танылған John Deere және CLAAS брендтерінің құрастыру орталығына айналды.
Бүгінде отандық өндіріс тракторлар мен комбайндар бойынша ішкі нарықтың 90% қажеттілігін қамтамасыз етіп отыр. Бұл ауыл шаруашылығы саласының технологиялық тәуелсіздігін күшейтіп, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға маңызды үлес қосуда.