Жұмысшы мамандықтары жылы: Катонқарағайдағы жалғыз тіс шебері
Аузыңдағы отыз екі тістің саулығы – тек әдемі күлкі мен тамақты жайлы жеудің мүмкіндігі ғана емес. Сонымен қатар адамның бет-бейнесінің маңызды бір бөлігі. Сондықтан да қазірде тіс техниктері мен протез жасаушы мамандардың қызметі жоғары бағаланады. Осындай шебер маманның бірі – Мейір Абыханов. Ол 1986 жылдан бері тіс протездерін жасап келе жатқан Катонқарағай ауылындағы жалғыз тіс технигі, деп хабарлайды Altainews.kz.
Мейірдің тіс техникалық зертханасы ауылдың қақ ортасындағы ағаштан салынған, тарихы терең көне ғимаратта орналасқан. Қаншама уақыт өтсе де, жанындағы мекемелер ауысса да, ол ауысқан емес. Ауыл тұрғындары, жас-кәрісі түгел өз тістерін оған сеніп тапсырады. Қалыптарды жасап, протездерді мұқият өңдеп, эмаль түсін дәл келтіріп, жаңа тістерді табиғи тістердей жарқыратып жасайды.
Мейір Қапиратұлы 1962 жылы Катонқарағай ауданындағы Фадиха ауылында дүниеге келген. Әкесі – Қапират Еңсеұлы мектепте мұғалім болған. Одан бөлек, аудандық «Арай-Луч» газетіне мақалалар жазып, айналасына табиғатты жан-тәнімен сүйген балықшы ретінде де танылған адам. Анасы Шарбану Бисатова ауыл кітапханасында еңбек етіп, балаларына тәлім берген, сондай-ақ, көпшілікке керемет дауысымен танымал болған өнерлі жан.
ҚОЛЫНАН ШЫҚҚАН ПРОТЕЗДЕР – ЕЛ АУЗЫНДА
1979 жылы Чернова мектебін бітірген Мейір арманының жетегінде Өскемен медициналық училищесіне түсіп, «Тіс технигі» мамандығын меңгереді. Барлық емтихандарды сәтті тапсырып, оқуға қабылданады. Оқуды тәмамдаған соң жолдамамен Марқакөл ауданы, Алексеевка ауылына үш жылға жұмысқа жіберіледі. 1986 жылы туған жері Катонқарағайға оралып, медициналық училищеде бірге оқыған фельдшер Алмагүл Болатқызымен отбасын құрады. Үйленген жұп үш перзентті – екі ұл мен бір қызды тәрбиелеп өсірді.
Алыс қалалардан аулақ, туған ауылында өмір сүру Мейірге ұнайды. Тыныштық, таза ауа, табиғатпен етене болу, ризашылығын білдіретін науқастар – шын бақыттың көрінісі емес пе?!
Мейірдің жасаған протездері сапасы жағынан өңірге кеңінен танылған. Алыс ауылдардан келіп, сапалы әрі сенімді тіс жасатқысы келетіндер көп. Мейір ешқашан көмектен бас тартпайды тіпті ақы төлей алмайтындарға да көмек көрсетеді. Ол «Дені сау тіс – бүкіл ағзаның саулығының кепілі» деп сенеді. Ал, денсаулық әр адам үшін қолжетімді болуы тиіс.
Ол бала кезінен шығармашылыққа бейім. Мерекелік кештерге белсенді қатысып тіпті тележүргізуші мен диктор рөлдеріне кастингке де шақырылған. Алайда оның басты құштарлығы – ән айту. Музыкалық қабілеті ата-анасынан дарыған. Ал, вокалдық шеберлігін әпкесі Айгүлдің жетекшілігімен дамытқан. Оның өнерін байқаған достары 2000-жылдары одан той мен мерекелерді жүргізіп беруін сұрай бастаған.
Мәкеңнің тағы бір сүйікті ісі – балық аулау. Ол осы маңдағы барлық су көздерін қармақпен шарлап шыққан. Сондай-ақ, туған өлке тарихына да терең қызығушылық танытады. Биыл қыркүйекте зейнетке шыққаннан кейін ол туризммен айналысуды жоспарлап отыр. Туризм – ол үшін туған өлкенің сұлулығы мен тарихын таныту, аңыз-әпсаналарымен бөлісу, балық аулаудың қыр-сырын үйрету жолы.
Тіс технигі ретіндегі кәсібін де ұмытқан емес. Мәкеңнің шебер қолынан шыққан сапалы протездеріне деген сұраныс күні бүгінге дейін тоқтаған жоқ.
Ал Мейір Қапиратұлы – адамдардың саулығы мен сенімді күлкісін қалпына келтіру жолында әлі де өз шеберханасында тынымсыз еңбек етіп келеді.
Архат Таниров,
Катонқарағай ауданы