Аптаны айшықтаған тағы бір спорт жаңалығы: ШҚО боксшылары үздіктер қатарында сап түзеді
Шығыс Қазақстанда бокстан жастар арасындағы ел чемпионаты өз мәресіне жетіп, өңір спортшылары топ жарды. Бір апта бойы Өскемен нағыз жас боксшылардың қызу додасына айналып, елдің түкпір-түкпірінен келген 2008-2009 жылғы 400 талантты боксшыны төріне жинады, деп хабарлайды Altainews.kz.
Шығыс Қазақстан облысының құрамасы биік межеден көрініп, жалпыкомандалық есепте екінші орынға табан тіреді. Бұл – өңір спортының жүйелі еңбегі мен жас былғары қолғап шеберлерінің ерік-жігерінің айқын нәтижесі.
Жиналған жеті медаль – екі алтын , бір күміс, төрт қола – жас өрендердің табандылығының жемісі.
Чемпион атанғандар:
• Темірбаев Темірали (55 кг)
• Баяндинов Алдияр (65 кг)
Күміс жүлдегер:
• Алтай Абзал (50 кг)
Қолаға қол жеткізгендер:
• Шафих Баянды (55 кг)
• Қарымбек Нұрасыл (75 кг)
• Жұмажан Мансұр (80 кг)
• Күмісбек Қажымұқан (85 кг)
Жалпыкомандалық додада Алматы құрамасы көш бастаса, үшінші орынға Алматы облысы табан тіреді. Бұл чемпионат – еліміздің ең үздік жас боксшыларын іріктейтін, болашақ ұлттық жастар құрамасының негізі қаланатын маңызды белес.