Қазақстандықтардың несие алуы азайды
Қазақстанда несиені көбіне 31-45 жас аралығындағы азаматтар рәсімдейді. Алайда 2025 жылы кепілсіз тұтынушылық несиелердің өсімі 22,5%-дан 12,7%-ға дейін баяулаған. Мұндай мәліметтерді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жариялады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Zakon.kz сайтына сілтеме жасап.
Агенттік өкілдері 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығының қорытындысы бойынша банктердің кепілсіз тауарлық тұтынушылық қарыздарының құрылымында 35,1%-ы тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсаттарына — құрылыс материалдарын, жиһаз сатып алуды қоса алғанда — бағытталатынын айтты.
Ірі тұрмыстық техника сатып алуға 10,3%, бизнес мақсаттарына – 8,3%, автокөлікке қажетті тауарларға, соның ішінде шиналар, қосалқы бөлшектер мен аксессуарларға – 8,2% тиесілі.
Ең көп несие рәсімдейтіндер – Алматы қаласының тұрғындары (31%) және Астана тұрғындары (11%).
2025 жылғы 1 қазанға дейінгі мәлімет бойынша банктердің тұтынушылық кредиттер портфелі 16,2 трлн теңгені құраған. Соның ішінде 71%-ы немесе 11,5 трлн теңгесі – кепілсіз тұтынушылық несиелер.
Сонымен қатар қазақстандықтардың несие алу белсенділігі азайғаны атап өтілді.
21 қарашада хабарланғандай, 2025 жылдың III тоқсанының қорытындысы бойынша ҚР банктері қарыз алушыларға қойылатын талаптарды айтарлықтай қатаңдатқан. Бұл негізгі тұтынушылық өнімдер бойынша мақұлдау коэффициенттерінің едәуір төмендеуіне әкелді. Қазақстанның Ұлттық банкі кепілдік қамтамасыз етілген қарыздар сегментінде мақұлдау деңгейі 23 пайыздық тармаққа төмендегенін тіркеді. Бұл – банктердің басымдықтары өзгергенінің тікелей белгісі.