Риддерде жаңа аурухана желтоқсанда қолданысқа берілмек
Риддер қаласында 200 орындық стационары және ауысымына 500 адам қабылдайтын емханасы бар көпсалалы аурухана кешенінің құрылысы аяқталуға жақын, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының мәліметінше, жобаның жалпы құны 35,2 млрд теңгені, ал жасалған келісімшарттардың көлемі 34,8 млрд теңгені құрайды. Бас мердігер – «Элхон» ЖШС. Жоба басталғаннан бері 34,2 млрд теңге игерілген. 2025 жылға дейін республикалық және жергілікті бюджеттерден, сондай-ақ арнайы мемлекеттік қордан 22,2 млрд теңге бөлінді. Құрылысты 2025 жылдың желтоқсанында толық аяқтау жоспарланған.
Аурухана кешені үш негізгі ғимараттан тұрады, олардың жалпы аумағы 40 мың шаршы метрден асады. Бес блоктан тұратын төрт қабатты емхана 400 ересек адам мен 100 баланы қабылдауға арналған.
Қазіргі дайындық деңгейі – 98%. Ғимаратқа қажетті медициналық жабдықтар жеткізіліп, жиһаз бен инвентарь орналастырылуда.
Ал стационар бес блоктан құралған, олардың биіктігі үштен бес қабатқа дейін. Жалпы алаңы 29 мың шаршы метрден асады. «А» блогында алғашқы үш қабатта кафель төсеу, сумен жабдықтау, кәріз, желдету, жылу, электр және слаботок жүйелерін орнату жалғасуда. Қабырғаларды бояуға дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. «Б» блогында да кафель төсеу, бояу және инженерлік жүйелерді монтаждау жұмыстары жүріп жатыр.
Аумағы 627,76 шаршы метр болатын ас блок толық дайын. Мұнда ас үй жабдықтары, технологиялық және санитарлық құрал-жабдықтар толық орнатылған.
Жоба жетекшісі Жәнібек Жамантықовтың айтуынша, нысан 2025 жылдың желтоқсанында толық пайдалануға беріледі. Құрылыс жұмыстары белгіленген жоспарға сай жүріп жатыр, құрылыс техникасы тартылған, сыртқы және ішкі әрлеу жұмыстары атқарылуда.
Аурухана құрылысы 2021 жылы басталған. Бастапқыда нысанды ертерек тапсыру жоспарланғанымен, жобалық-сметалық құжаттаманың өзгеруі, инженерлік шешімдерді жаңарту қажеттілігі және құрылыс материалдарының қымбаттауы себепті жоба бірнеше рет түзетілген.
Қалада көп жылдан бері заманауи медициналық корпустардың тапшылығы сезіліп келгендіктен, бұл жоба Риддер үшін стратегиялық маңызға ие. Корпустардың физикалық және моральдық тұрғыдан ескіруі мамандандырылған көмектің толық спектрін көрсетуге мүмкіндік бермеді. Жаңа аурухана салу мәселесі бірнеше жыл бойы көтеріліп, тек 2021 жылы жобалық жұмыстар бастау алған.
2022–2023 жылдары қаржыландырудың жеткіліксіздігіне байланысты құрылыс баяу жүрді. Жұмыстарды жандандыру үшін қосымша қаржы бөлініп, оның ішінде Арнайы мемлекеттік қордың қаражаты бағытталды. Бюджетті қайта бөлу және жобаны түзету бекітілгеннен кейін құрылыс қарқыны артты.
2024 жылы нысандағы жұмыстар едәуір жеделдеп, қосымша бригадалар тартылды, әрлеу, инженерлік жүйелер және аумақты абаттандыру бойынша жұмыстар кеңейтілді. Осы кезеңде медициналық жабдықтардың ірі партиялары жеткізіліп, олардың бір бөлігі емханаға орнатылды.
Бүгінде кешен құрылысы аяқталуға жақын. Пайдалануға берілгеннен кейін мұнда заманауи диагностикалық кабинеттер, операциялық блоктар, хирургия, терапия, реанимация бөлімдері, сондай-ақ қабылдау бөлімі мен шұғыл медициналық көмек қызметтері жұмыс істейтін болады. Жаңа аурухана Риддер қаласының денсаулық сақтау жүйесіне түсетін жүктемені азайтып, тұрғындарды сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Наргиз Еркінбекова
Аударған: Жайна Сыранова
Фото: Махаббат Ахметжанова












