Еліміз фитосанитариялық бақылау жүйесін жетілдіріп жатыр
Қазақстан соңғы жылдары азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға, ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігін халықаралық талаптарға сәйкестендіруге ерекше көңіл бөліп келеді. Әсіресе жаһандық сауда байланыстары кеңейіп, импорт пен экспорт көлемі артқан қазіргі кезеңде фитосанитариялық бақылау жүйесінің тиімділігі ел экономикасы мен ішкі нарық тұрақтылығы үшін шешуші мәнге ие, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Фитосанитариялық қауіпсіздік – ауыл шаруашылығы саласының ғана емес, жалпы ұлттық қауіпсіздіктің ажырамас бөлігі. Әлем елдерінде зиянкестердің жаңа түрлері, карантиндік ағзалар және өсімдік ауруларының пайда болуы биологиялық қатерлердің күшейгенін көрсетіп отыр.
Мұндай жағдайда шекарадағы бақылау, зертханалық диагностика және өнімді сараптау жүйесінің жетілдірілуі – стратегиялық маңызы бар міндет.
Осы бағытта 2025 жылғы 24 қарашадан бастап Шығыс Қазақстан, Маңғыстау, Түркістан, Абай және Жетісу облыстарында карантиндік фитосанитариялық сараптаманы ақылы негізде жүргізудің жаңа тәртібі күшіне енді. Бұл өзгеріс Қазақстанның Өзбекстан, Әзербайжан, Қытай, Беларусь және Ресей секілді көршілес мемлекеттердің тәжірибесін ескере отырып, ортақ талаптарға бейімделуін көздейді. Сараптаманы «Фитосанитария» ШЖҚ РМК жүзеге асырады.
Жаңа жүйені енгізу барысында аталған облыстарға карантинге жатқызылатын өсімдік өнімдері жеткізілетін бақылау пункттері нақтыланды. Экспортқа шығатын өнімге арналған зертханалық зерттеулер еліміздің барлық өңірінде ұйымдастырылып, кәсіпкерлердің өнімін халықаралық стандартқа сәйкестендіруіне мүмкіндік жасалды.
Тәртіпті енгізудің алдында сыртқы саудамен айналысатын кәсіпкерлермен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, жаңа жүйенің талаптары мен рәсімдері егжей-тегжейлі түсіндірілді. Территориялық инспекция бөлімшелері мен зертханалардың мамандары арнайы біліктілікті арттыру курсынан өтіп, инспекция басшыларына сараптамалардың сапасы мен мерзімінде орындалуын қамтамасыз ету тапсырылды.
Саланы дамытуға бағытталған жаңа тәртіптің негізгі мақсаты – фитосанитариялық бақылаудың сапасын арттыру, зертханалардың мүмкіндігін күшейту және биологиялық қатерлердің алдын алу. Сараптамадан түсетін қаражат зертханалық құрал-жабдықтарды жаңғыртуға, материалдық-техникалық базаны қолдауға, сонымен қатар кадрлардың кәсіби дайындығын жақсартуға жұмсалады.
Мамандардың айтуынша, бұл қадам Қазақстанның халықаралық саудадағы сенімді серіктес ретіндегі позициясын нығайтып қана қоймай, ішкі нарықты зиянды ағзалардан қорғауды күшейтеді, ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасын арттырады және отандық өнімнің экспорттық әлеуетін кеңейтуге мүмкіндік береді.
Фитосанитариялық бақылау жүйесінің жаңартылуы – ел экономикасы үшін маңызды реформалардың бірі. Бұл бастама ауыл шаруашылығы өндірушілеріне жаңа мүмкіндіктер ашып, Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге елеулі үлес қоспақ.