KZ
Өскемен
-2°
небольшой снег жел 1 м/с, ОБ
504.49 587.73 6.57

«Зауыттарды жабу — шешім емес»: Министрлік экологияға қатысты пікір білдірді

28.11.2025, 15:30 103 Қуаныш Рахметоллаұлы

Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев, сондай-ақ ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шархан келді. Сапар барысында олар өңір халқымен, қоғам белсенділерімен кездесіп, жер қойнауын пайдалану, экологиялық ахуал және туристік аймақтардың тазалығы турасында түскен сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды Altainews.kz.

Кездесу барысында Шығыс Қазақстан облысында заңсыз алтын іздеумен айналысатындар қатарының артқаны ерекше назар аудартты. Лицензиясыз жұмыс істейтін тұлғалардың әрекеті тек экономикалық шығын емес, экожүйеге де зор залал келтіріп отыр.

Жомарт Әлиевтің айтуынша, мұндай заңсыз әрекеттер нәтижесінде жер қойнауы ретсіз қазылып, табиғи ландшафт бұзылады. Бұл ең алдымен сол маңдағы ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасына әсер етіп, жолдар мен жайылымдарға нұқсан келтіреді.

«Заңсыз алтын өндірушілер жер қойнауын ғана емес, экологияны да бүлдіріп жатыр. Табиғатқа келтірілетін мұндай зиян өте үлкен. Бақылаусыз жүргізілген жұмыстар топырақтың ластануына, өзен-көлдердің лайлануына әкеледі», — деді вице-министр.

Ол сондай-ақ табиғатты заңсыз пайдалану деректері бойынша қатаң бақылау күшейтіліп жатқанын, мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы билік бірлесіп тексеру жұмыстарын жүргізетінін атап өтті.

Кездесуде сөз алған экология жанашырлары Өскемен қаласы қысы-жазы түтін мен зиянды шығарындылардың астында қалып отырғандығын айтты. Белсенділердің пікірінше, өңірдегі ірі өнеркәсіп ошақтарынан шығатын қалдықтар бақылаудан толық өтпейді, ал кейбір кәсіпорындар экологиялық талаптарды елемей отыр. Олар ауа сапасын тұрақты бақылау үшін қадағалау тетіктерін күшейтіп, экологиялық нормаларды бұзған өндіріс орындарына қатаң шара қолдануды талап етті.

Эко-белсенділер көтерген мәселеге жауап берген вице-министр Жомарт Әлиев өнеркәсіп кәсіпорындарын толық тоқтатудың мүмкін еместігін, бірақ ауа сапасын жақсарту бағытында нақты шаралар қолға алынғанын айтты.

«Зауыттарды жауып тастау – шешім емес. Бізге өндіріске де, экологияға да бірдей талап қоя отырып, тепе-теңдік сақтау керек. Бүгінде қаладағы ауа сапасын жақсарту бойынша бірқатар шара жасалып жатыр», — деді ол.

Жомарт Әлиевтің айтуынша, Қазақстанда экологиялық нормалар ТМД елдері арасында ең қатаңы, әрі еуропалық талаптарға сай жасалған. Дегенмен, кейбір кәсіпорындар осы стандарттарды орындау кезінде техникалық қиындықтарға тап болып жатады.

«Стандарттар қатаң болғандықтан, кейде фильтрлер қажетті нәтижені көрсете алмайды. Сол себепті бұл салада толыққанды модернизация қажет», — деді вице-министр.

Кездесуде көтерілген мәселелер Өскеменнің экологиялық жағдайының тұрғындар үшін өзекті екенін тағы бір дәлелдеді. Айта кетейік, ауа сапасын бақылау мақсатында Шығыс Қазақстан облысындағы экологиялық мониторинг ұйымы жақында жаңа мобильді экозертханамен жабдықталған болатын. Жылжымалы зертхана ауа сапасын жедел қадағалауға және нақты уақыт режимінде экологиялық тәуекелдерге әрекет етуге мүмкіндік береді

Сол кезде аймақ басшысы өңірде көптеген өнеркәсіптік кәсіпорындар шоғырланғанын, тек Өскеменнің өзінде саны 60-тан асатынын айтқан еді.

“Осы жағдайда экологиялық бақылауды күшейту аса маңызды факторға айналып отыр. Жылжымалы кешен экологиялық қызмет пен облыстық Экология департаментіне ауаға ластаушы заттардың нақты қайдан шыққанын жедел анықтауға, нақты уақыт режимінде қажетті зерттеулерді жүргізуге және мониторингті әлдеқайда тиімді етуге мүмкіндік береді”, – деген болатын Нұрымбет Сақтағанов.

Демек облыста ауа сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстар жалғаса бермек.

Сонымен қатар, өңірдегі алтын өндіру саласына қатысты ең өзекті тақырыптардың бірі – цианидті қолдану мәселесі де тілге тиек етілді. Бұл сұрақ тұрғындар арасында алаңдаушылық тудырып қана қоймай, әлеуметтік желілер мен қоғамдық пікір алаңында да жиі көтеріліп келеді.

Халық арасында «цианид» сөзіне байланысты көптеген қате түсініктер қалыптасқанын және алтын өндіру саласындағы халықаралық тәжірибеге тоқталған ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шархан цианидтің бақыланатын технология ретінде ұзақ жылдар бойы қолданылып келе жатқанын жеткізді.

«Цианид алтын өңдеуде зиянсыз. Ол – қауіпсіз технология. Австралия, Канада, Ресей мен Қытай сияқты дамыған елдерде бұл әдіс кеңінен қолданылады», – деді Иран Шархан.

Вице-министрдің айтуынша, цианид табиғатқа тікелей қауіп төндірмейді, өйткені оны қолдану арнайы реттелген талаптар мен стандарттар аясында жүзеге асатынын атап өтті. 

“Қазақстанда цианид қолданатын кез келген өндіріс алаңы қатаң экологиялық бақылаудан өтеді. Тиісті ведомстволар тарапынан тұрақты мониторинг жүргізіліп, технологиялық процестердің қауіпсіздігі тексеріледі. Сондай-ақ, қазіргі заманауи қондырғылар цианидтің ауаға, суға немесе топыраққа шығуына жол бермейді. Осы себепті алтын өндірудегі бұл технология халықаралық стандарттарға толық сәйкес келеді”, - деді ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі.

Кездесу барысында жергілікті билік пен министрлік өкілдері тұрғындармен ашық диалогты жалғастырып, өндіріс орындарының экологиялық талаптарды қатаң сақтауын бақылауға алатынын жеткізді.


Қуаныш Рахметоллаұлы

Фото: Жәнібек Ырысбай 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу