Қорғаныс және қауіпсіздік ережелері: ШҚО полицейлері блогермен бірлесіп кадеттерге танымдық сабақ өткізді
«Заң мен Тәртіп» идеологиясын кеңінен насихаттау аясында ШҚО Полиция департаментінің Зайсан аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жергілікті кәсіпкер, танымал блогер Назгүл Жеңісбекқызымен бірлесіп Юрий Гагарин атындағы орта мектептің «Жас сақшы» кадет сыныбына арнайы қауіпсіздік сабағын ұйымдастырды. Бұл шара жасөспірімдерге құқықтық сауаттылық беруді, оларды түрлі қауіп-қатерден қорғау тәсілдеріне үйретуді көздеген маңызды кездесулердің бірі болды, деп хабарлайды Altainews.kz.
Іс-шараның негізгі мақсаты – кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоғамдағы өз орнын сезінетін жауапты тұлға ретінде қалыптастыру және құқықтық мәдениетін арттыру.
Тәртіп сақшылары мен блогер бірлесе отырып, оқушыларға жол қозғалысы ережелерін түсіндіріп, есірткі қылмысының алдын алу жолдарын, интернеттегі қауіпсіздікті сақтау тәсілдерін, сондай-ақ буллинг пен зорлық-зомбылық жағдайларында қалай әрекет ету керектігін жан-жақты талдап берді.
Назгүл Жеңісбекқызы жасөспірімдерге өзінің өмірлік тәжірибесінен мысал келтіріп, зиянды әдеттерден аулақ болудың тиімді жолдарын, өзін-өзі қорғаудың қарапайым әрі пайдалы тәсілдерін нақты кеңестер арқылы жеткізді.
Кездесу барысында кадеттер белсенділік танытып, пікірталасқа қатысып, өз ойларымен бөлісті. Олар күнделікті өмірде қауіпсіз жүріп-тұруға, төтенше жағдайларда дұрыс шешім қабылдауға қатысты көптеген пайдалы ақпарат алды.
Мектептерде осындай қауіпсіздік сабақтарының тұрақты өткізілуі – жас ұрпақтың құқықтық сауаттылығын арттырып қана қоймай, олардың қоғам алдындағы жауапкершілігін күшейтеді. Бұл – жастардың қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыруға, өз құқықтарын қорғауда саналы әрекет етуіне бағытталған игі бастамалардың бірі.


