"17 ауылда салынған құдық істемейді". Күршімдіктер бюджеттің тиімсіз жұмсалғанына наразы
Шекарадағы Күршім ауданының 17 ауылының халқы мемлекеттік бағдарламаның қызығын көре алмай отыр. Аудан халқының айтуынша, ауызсу бағдарламасымен 3 жылда (2019, 2020, 2021 ж) салынып біткен 17 блок-модульді станцияның бүгінде бірде-біреуі жарытып істемейді. Бұл туралы әлеуметтік желіде тұрғындар бірнеше рет шағымдарын жеткізген.
Атап айтқанда, олар - Шанағаты, Ақжайлау, Ұрынхай, Қайнарлы, Жаңаауыл, Бұлғары Табыты, Жиделі, Бұғы-Мүйіз, Теріскей- Бөкенбай, Күнгей-Бөкенбай, Егіндібұлақ, Ақши, Үшбұлақ, Қыстау-Күршім, Қайнар, Топ-Терек және Бірлік ауылдары.
Белгілі болғандай, бұл ауылдарда скважиналарды бұрғылау және модульді орнату жұмыстарымен Күршім ауданы әкімдігіне қарасты «Теректі» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны айналысқан екен. Аталмыш 17 ауылға бюджеттен жалпы есебі 130 миллион теңгеден астам қаржы бөлініпті.
(Кестеде Жаңаауыл және Жиделі ауылдарына бөлінген қаржы көрсетілмеген. Ақпарат көзі - www.goszakup.gov.kz)
- Осы ауылдағы адамдар қашан қиналмай су алып, қолдары жетеді? Ауданның депутаттары, ақсақалдар алқасы қайда? Құзіретті органдар тексеріс жүргізуі керек! Халыққа суын бергізу керек қой, қанша қаражат жұмсалды, ал құдық салынған ауылдарда қалай ауызсу тапшы болды, қазір де сол жағдай, өзгеріс жоқ. Бұл құдықтардың суы ішуге де жарамайды, ал басым көпшілігінде мүлдем суы да шықпаған, - деп шағымдарын жеткізді тұрғындар әлеуметтік желідегі kurchum_patrioty парақшасында.
- Әсіресе Қыстау-Күршім ауылындағы құдықтың түрі тіптен сорақы. Не үшін және кімге салынды? Ол жағы белгісіз. Белгілісі, бұл жерде таза жемқорлық, - деп қосқан Берік Сатпаев есімді тұрғын.
Тіпті, бұл құдықтардың мәселесін көзбен көру үшін бір топ ауылдың белсенділері Ақши мен Қалжыр ауылдарына да арнайы барып қайтқан.
- Ақшидегі құдықты көргенде не күлеріңді, не жыларыңды білмейсің, су ақпайды, құдықтың насос тұратын жері ауылдан бірталай қашық жерде орналасқан. Жанында тағы бір су шығармақшы болған труба бар, ал качоктары екі жерге қойылған, качокка дейінгі трубаларын іздеп қиналмайсыз, трубаның үстінен топырақты үйе салған, осының бәрі күдік туғызады. Қалжырда құдықтан да күрделі жұмыс атқарылған, бірақ тұрғындарға су берілмей жатыр, осыған кімнен жауап алсақ, су келіп тұрса неге үйлерге қоспасқа? Бұл жерде бір гәп бар ма? – дейді Ерназ Аймұханбетов есімді Күршім ауданының белсенді азаматы.
Шағымдардың орынды-орынсыз екендігін білмекке «Теректі» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының басшысы Амантай Икамбаевқа хабарластық. Мердігер ұйымның басшысы тұрғындардың шағымы орынсыз деп отыр. Дегенмен 17 құдықтың 9-ға жуығы тұрғындардың игіліне пайдаланылмай отырғанын да жасырып отырған жоқ. Оның да өзіндік себебі бар дейді.
- 17 ауыл деген өтірік, ойбай Құдай. Бәрі суларын ішіп, рахметтерін айтып жатыр. Дегенмен 9 құдықтың жермен байланысты мәселесі бар. Оның құжаттарымен аудандық әкімдік айналысып жатыр. Жуықта құжаттары реттелген соң, электр энергиясына қосып, істеп кетеді. Токқа қосылмағаннан кейін ғана істемей тұр. Ақши ауылында бір емес, 2 құдық істелінген. Сол сияқты, Егіндібұлақ ауылының тұрғындары да «ауылдың шетінен емес, ішінен қазып бер» деп өтінген. Қазғаннан кейін кермек дәм татып, суы су емес, сор боп ақты. Совхоз кезінде ауыл адамдары 1,5 км жерден су алып жүріпті. Сол жолда геологтармен ақылдасып, тағы бір құдық қазып бердік. Қазір керемет, бәрі суларын алып отыр. Ал ауыл ішінде қазылған құдыққа мал суарсаңдар да деп, оны қалдырдық, - дейді «Теректі» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының басшысы Амантай Икамбаев.
Кәсіпорын басшысы қазылған құдықтардың барлығы алдағы уақытта тұрғындардың өз үйлеріне қосып алуына ыңғайлы етіп жасалынғанын айтады. Кәсіпорын осыдан 8-9 жыл бұрын аудандағы Игілік ауылына алғаш рет су тартыпты. Қазір ол ауылдың жартысына жуық тұрғындары үйдің ішіне суды кіргізіп алған деп отыр.
- Бұл жүйе жақсы. Тек Тұрғын үй коммуналды шаруашылық бөлімінің нашар қимылдағанынан тұрғындар біраз қиналып отыр. Себебі жердің құжаттары дұрыс емес. Құжаттар дұрыс болмағандықтан, «Алтайэнерго» да электр жүйесіне қоспай отыр. Мәселен, Марқакөл өңіріне қарасты Егіндібұлақ, Ақжайлау, Бұлғары-Табыты ауылдарына құжат дұрыс болмаса да, келісіп жүріп, қосып бердік, қайтеміз енді. Қалған ауылдарға ТҮКШ 1-2 айдың төңірегінде рұқсат қағаздарын алатын шығар, - деп тұрғындарды сабырлыққа шақырып отыр 17 ауылда құдық салумен айналысқан мердігер ұйымның жетекшісі Амантай Икамбаев.
Иә, инфрақұрылымның игілігін жылдар бойы күткен халыққа 1-2 ай күткен не тәйірі?! Алайда бұл құдықтарды кеше ғана салып біткен жоқ, одан бері 3 жыл өтіпті. Ал мәселе сол қалпы.
- 2019 жылдың жобасы бойынша біраз мәселелер туындаған. Себебі ол кезде заң да басқа болды. Қазір заң талаптары бір басқа. Біз қазіргі заң талаптарына сәйкес құжаттарды қайта қарап, қалпына келтіріп жатырмыз. Облыстық мемлекеттік сәулет-құрылысын бақылау мекемесі барлық тексерулерді жүргізді. Олардың ұйғарымы бар. Қазіргі уақытта сол ұйғарымға сәйкес барлық шаралар қабылданып жатыр. Барлығы заң аясында. Бұл мәселеден хабардармыз, біздің бақылауымызда, - деді Күршім аудандық Сәулет, құрылыс, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мақсат Акрамов.