Зайсандағы газ құбыры жөнделді
Зайсандағы тесілген газ құбыры жөнделді. Облыстық энергетика басқармасы елді мекендерге газ беріліп, қысым біртіндеп артып келе жатқанын растады, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Естеріңізге сала кетейік, кеше Айнабұлақ кентінің маңында жоғары қысымды жерасты газ құбыры жарылған. Соның салдарынан Жамбыл, Көгедай, Шалқар, Қаратал және Үлкен Қаратал ауылдарындағы 862 абонент (835 – халық, 27 – коммуналдық-тұрмыстық тұтынушы) көгілдір отынсыз қалды. Жедел қызмет өкілдері іске кірсіп, оқиға орнына аудан әкімі Аэлита Ахметсәләмқызы барған болатын.
«ҚазТрансГазАймақ» АҚ Зайсан өндірістік филиалының мамандары құбырды жөндеп, қалпына келтірді. Облыстық құрылыс, энергетика және ТҮКШ басқармасының мәлімдеуінше, бүгін таңғы сағат 05:30-да технологиялық талаптарға сәйкес елді мекендерге газ біртіндеп беріле бастаған. Тұтынушыларды көгілдір отын көзіне қосу әлі жүріп жатыр, жұмыс түске дейін толық аяқталады деп жоспарланды.