Зайсан ауданында газ құбыры тесілді
Бүгін кешке Зайсан қаласынан 15 шақырым жерде газ құбыры тесілді.
Сенімді көзден алынған ақпаратқа сүйенсек, Жамбыл, Көгедай, Шалқар, Қаратал және Үлкен Қаратал ауылдарындағы абоненттер, нақтылап айтқанда, 835 жеке тұлға мен 27 заңды тұлғаға көгілдір отынсыз қалды, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Газ құбырындағы ақауды жою үшін жедел қызмет өкілдері дереу жұмылдырылды. Қазір «ҚазТрансАймақ» АҚ мамандары қалпына келтіру жұмысын жүргізіп жатыр.
Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін оқиға орнына Зайсан қаласының ӨБ-25 мекемесінің өрт сөндіру көлігі жіберілген. Сондай-ақ аудан әкімі Аэлита Ахметсәлімқызы да оқиға орнына аттанды.
Белгілі болғандай, газ Айнабұлақ ауылы маңындағы газ құбыры жалғастырғышындағы тесіктен шыққан. Жалғастырғышты ауыстырғаннан кейін мамандар аулаларды аралап, абоненттерді тексеріп шығады. Газ жуық арада беріледі.