Өскемен мен Талдықорғанды жалғаған республикалық трасса ашылды
Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары үшін тағы бір қуанышты хабар келіп жетті. Атап айтсақ, шығысқазақстандықтар көптен күткен Талдықорған – Қалбатау – Өскемен тас жолындағы құрылыс жұмыстары аяқталып, трасса пайдалануға берілді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бүгін құрылыс жұмыстарының соңғы кезеңі өткен Ұлан ауданының аумағында күрделі жөндеу көрген тас жолдың салтанатты ашылуы өтті. Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Байахметов пен «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Иманашев қатысты.
Оның айтуынша, тәулігіне шамамен 6-8 мың автокөлік қатынайтын жол ақылы болмақ. Алайда, бұл тек жүк көліктеріне қатысты болуы ықтимал екенін де айту керек. Дархан Иманашев трассаның басым бөлігі екінші санатты, яғни екі жолақты жол болғандықтан, жеңіл көліктерді жол үшін төлемнен босату мәселесі қарастырылып жатқанын мәлім етті.
Ол, сонымен қатар Талдықорған мен Өскемен арасын жалғайтын республикалық маңызға ие жолдың бойында 10 санитарлық-гигиеналық торап, былайша айтқанда жылы дәретханалар пайда болатынын хабарлады.
Белгілі болғандай, Талдықорған – Қалбатау – Өскемен бағытындағы тас жолдың ұзындығы 768 шақырымға жетеді екен. Оның 38 шақырымы – бірінші санатты, яғни төрт жолақты жол. Жоба аясында 745 құбыр, 60-қа жуық көпір салынды. Бұл жұмыстарға 1 800-ден астам техника мен үш мыңға жуық адам жұмылдырылған.
Осы ретте, Шығыс Қазақстанда «Жол жылы» аясында облыстық және республикалық маңызы бар жолдарды қалпына келтіруге ерекше мән беріліп отыр. Мәселен, биыл былтырғымен салыстырғанда ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген жолдардың көлемі екі есеге артқан. Мұны жиналғандары жаңғырған жолдың ашылуымен құттықтаған облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Байахметов те айтты.
Нұржан Кенжеұлы
Фото, видео: Даниил Суворов