Өскемен қаласында Tartyl Fest жеңімпаздары анықталды
Фото: Аяужан Утеулинова
Өскемен қаласындағы «Самал» саябағында 27 тамыз күні «Tartyl Fest» спорттық шарасы өтті. Қала күніне орай ұйымдастырылған жарысқа 262 адам қатысқан.
20 қатысушы планка сайысында, 198 адам белтемірге тартылу сайысында, 44 қатысушы зілтемір көтеру бәсекесінде күш сынасты, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Турникке тартылу жаттығуы мен планка жарысы бойынша тігілген жүлде қоры – 700 мың теңге.
Ал зілтемір көтеру жарысына бөлінген жүлде қоры 500 мың теңгені құрады. Зілтемір көтеру жаттығуының жүлдесін «Казцинк» ЖШС қаржыландырған.
Турникке тартылу сайысында 14-25 жас аралығында, 65 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Мансұр Уалиев 38 мәрте тартылып, 1-орынды иеленсе, 31 мәрте тартылған Вадим Мамонтов 2-орын, сондай нәтиже көрсеткен Берік Советов 3-орын алды.
85 келіден жоғары салмақ категориясында өнер көрсеткен 14-25 жас аралығындағы қатысушылардың арасынан Мәди Камбек озып шығып, 1-орынға тұрақтады. Ол турникке 20 мәрте тартылған. 14-25 жас аралығындағы қатысушылар арасында өткен 65-85 келі салмақ дәрежесінде Асанәлі Тоқтасынов үздік шықты.
75 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде 25-44 жас аралығындағы қатысушылармен бәсекелескен Мейір Кутуев 1-орынға тұрақтады. Осы жас шектеуіндегі қатысушылар арасында 75-90 келі салмақ дәрежесі бойынша өткен сайыста Асылхан Идырисов, 90 келі салмақ дәрежесінде Станислав Курноченко жеңімпаз атанды. Ал 45 жастан асқан қатысушылар арасынан Бауыржан Райымбеков үздік нәтиже көрсетті.
Планка жаттығуында 12-17 жас шектеуінде Мария Копылова, 18-29 жас аралығында Татьяна Пикунова, 30 жастан асқан қатысушылар арасынан Кристина Дементьева үздік нәтиже көрсетті.
Ал зілтемір көтеру сайысына қатысушылар екі салмақ дәрежесіне бөлінген. 80 келі салмақ дәрежесінде сайысқандар 100 килограмм зілтемірді, 80 келіден жоғары салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен қатысушылар 130 килограмм зілтемірді көтерді. 80 келі салмақта Дамир Бакиев, 80 келіден жоғары салмақта Станислав Куносенко жеңімпаз атанды.