KZ
Өскемен
+4°
небольшая облачность жел 3 м/с, В
497.89 525.12 5

Өскемендік кәсіпкер бренд киім тігуді қолға алды

Аяужан Утеулинованың суреті

7.09.2023, 18:33 2 235 Ләззат Қанатқызы

Қазір елімізде шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы жағдайлар жасалып, мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп жатыр. Тәуекелге бел буып, өз кәсібін бастап жатқан жастар қатары да аз емес. Катонқарағай ауданының тумасы, бүгінде облыс орталығының тұрғыны Саят Бауыржанұлы бар мүмкіндікті кәдеге жаратып отандық өнім, қазақстандық бренд шығаруды қолға алған.

Бұл істің идея авторы да, дизайнері де, тігінші де өзі. Кәсіпкердің айтуынша, тігінге бала кезден қызыққан көрінеді. Әу баста өзіне, кейін достарына сырт киім тігіп беріп жүрген. Бұл өнерге қызыққаны да кездейсоқ емес, әрине. Анасы киім тіксе, әкесі етік тігумен айналысыпты.

Шағын ғана тігін цехымен танысуға барғанымызда Саят әңгімесін қазіргі қоғамның тиімді де, қайшылықты тұстарынан бастады.

– Біраз жыл бұрын Оңтүстік Кореяда жарты жылдай болып, жұмыс істеп қайттым. Сол кезде байқағаным, түрлі дүниелерді, киімдерді тігіп, бренд ретінде сатып жатыр. Оны кез келген жерде, тіпті көшеден де табуға болады. Өте қолжетімді. Сонда маған неге өзіміздің брендті жасамасқа деген ой келді. Елге қайтқаннан кейін бірден осы іске кірісіп кеттім, – дейді жас кәсіпкер.

Жолдасы екеуі басында кәсіпке өз қаржыларын салған. Кейіннен түрлі мемлекеттік бағдарламалар барын естігеннен кейін бағын сынап көруге бел байлапты.

– 5 миллиондық грантқа 2 рет өтініш беріп көрдім. Екеуінде де өтпей қалдым. Тағы мүмкіндік болса, тағы да қатысамын. Осындай жеңілдіктерге қол ілініп кетсе, кәсібім сәл де болса алға жылжыр еді. Биыл жастарға жеңілдікпен беріліп жатқан 2,5 пайыздық несиені алдым. Оның әуресі де аз емес. Бұл несиені алу үшін кепіл қою керек. Ал атында айтылып тұрғандай, жастар, оның үстіне енді кәсіп бастағалы тұрса, онда кепілге қояр мүлік қайдан болсын?! Мәселен, мен 2 бөлмелі пәтерді кепілге қойдым, ол өзімдікі емес, ата-анамыздікі. Одан кейін де қаншама құжат жинап, жоба жазу керек. Енді әбден бәрі біткенде ақша төлеуге арналған екі график берілді. Бірін алғашқы 6 айдан кейін, екіншісін 1 жылдан кейін төлеп бастау керек екен. Бұл жерде негізгі сомаға жеңілдік көп қарастырылатынын да маған ескертпеген. Енді ақшаны алғанымызбен, керек-жарақ қолға тимей жатып несиені төлеп бастау керек сияқты. Несиені берер алдында осындай артықшылықтары мен кемшіліктерін де түсіндіріп отырса артық болмас еді, – дейді Саят Бауыржанұлы.

Саяттың негізгі мамандығы – ағылшын тілінің маманы. Тіпті мамандығы бойынша жұмыс істеп, балаларға сабақ та беріпті. Қазіргі елдегі білім беру жүйесі ұнамайтындықтан ұстаздық жолын жалғастырмаған көрінеді. Десе де, мамандығы қазір істеп жатқан кәсібін дамытуға септігін тигізері анық. Себебі ол тек қазақстандықтардан ғана емес, өзге елдерден де сұраныс қабылдайды екен. Осы орайда айта кету керек, Саят кәсібіне туризмді тетік еткен. «ALTAY OUT WEAR» деп аталатын брендтің мағынасы да сол, Алтайдың таулы өлкесі мен тамаша табиғатын білдіреді.

– Мен көбінесе тау-тасты аралап жүретін туристерге ыңғайлы киімдер тігемін. Ол үшін ешқандай курстан да өткен жоқпын, интернетті ақтарып отырып, өзім үйреніп алғанмын. Жақында екі грузиялық альпинист рюкзакқа тапсырыс берген болатын. Кейіннен кері байланысқа шығып, тағы да тапсырыс беретіндерін айтты. Тіпті өздеріне салмағының жеңілдігі ұнағанын және қандай өзгеріс енгізу керектігі туралы ұсыныстарын да білдірді. Негізі, сыртқы әдемілігімен қоса, сапасы да мықты болуы керек, – дейді кәсіпкер.

Қазір ол Алматыда бір дүкенмен сауда-саттық келісім жасаған және инстаграм арқылы тапсырыс қабылдайды. Бірақ облыс орталығынан әзірге еш дүкенмен келіссөз жүргізе алмаған. Сол үшін өзінің аядай ғана цехында сатуға мәжбүр. Өзінің айтысына қарағанда, тапсырыс көбінесе Шымкент жақтан түсетін көрінеді.

– Негізі, кәсіпкердің жұмыс жоспары 1 жылға алға жүру керек. Мен несиені жайырақ алғандықтан күзгі маусымға киімдерді дайындап үлгермедім. Бірақ жоқ емес, бұйырғаны болып жатыр. Жазда 80-90 шамасында шалбар, басқа да киімдер мен рюкзактар сатылды. Негізі, жұмыс күші де керек, бірлі-екілі жұмысшы алуға да болар еді. Оның барлығы қаражатты талап етеді. Өткен жылы Астанаға көрмеге барғанда инвестор табылған. Ол үшін Алматыға бару керек болды. Бірақ маған тиімсіз еді, өйткені материалға, басқа да шығындарға байланысты киімнің бағасы да қымбаттап кетеді. Бір жағы, өзіміздің облыстың бренді болса деген арман, мақсат қой, – дейді ол.

Ішкі-сыртқа туризм дамыса, Саяттың да кәсібі өркендері анық. Ел Президентінің Жолдауында туризмді, шағын кәсіпті дамыту керектігін де айтқанын ескерсек, алдағы уақытта «ALTAY OUT WEAR» бренді алға озар деген үміттеміз.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу