KZ
Өскемен
+2°
туман Штиль
488.91 532.62 5

Талғат Әміреновке жерлестері қошемет көрсетті - Өскемен

8.11.2023, 18:16 304 Нұржан Кенжеұлы

Өскемен әуежайында Біріккен Араб Әмірліктерінен олжалы оралған жерлесіміз, дзюдо, самбо мен қазақ күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері Талғат Әміреновты қарсы алу рәсімі өтті.

Еске салайық, осыдан бірер күн бұрын БАӘ астанасы Абу-Дабиде дзюдо күресінен ардагерлер мен спорт шеберлері арасындағы Әлем чемпионаты мәресіне жеткен болатын. Осымен бесінші рет ұйымдастырылып отырған байрақты бәсекенің бұл жолғысына 60-қа жуық елден келген мыңнан астам дзюдошы қатысып, жарыстың көркін қыздырды, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.

Жаһандық додада спортшылар жас ерекшеліктеріне қарай М1, М2, М3, М4, М5, М6 және М7 санаттарына бөлініп, өзара мықтыны анықтады.

Абу-Дабидегі Әлем біріншілігінде біздің елдің спортшылары ауыз толтырып айтарлықтай нәтиже көрсете білді. Төрт күнге созылған жарыстың қорытындысы бойынша қазақстандық татами шеберлері ел құрамасының қоржынына 37 медаль салды. Бұл ретте, оның сегізі алтын, 11-і күміс, 18-і қола екенін айту керек.

Сондай қола жүлденің бірі шығысқазақстандық балуан Талғат Әміреновке бұйырды.

– Жарыста 100 келіден жоғары салмақ дәрежесінде бақ сынадым. Негізі, чемпиондық атаққа таласамын деп жоспарлап едім, алайда бұл жолы бұйырғаны қола медаль болды. Бірақ, мұның өзі жаман емес деп есептеймін. Өйткені, чемпионатқа небір атақты дзюдошы қатысты. Арасында Әлем мен  Олимпиада чемпиондары да болды. Бәрінің дайындығы өте жоғары, татамиде жан алып, жан берісті. Сондықтан осыншама мықтының арасынан үшінші орынға ие болуымның өзі үлкен жетістік. Жалпы, жарыс өте жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын айтқым келеді. Осындай Әлем чемпионатына қатысуға мүмкіндік берген, демеушілік жасаған ел ағаларына, Ұлан ауданының әкімдігіне, облыстық спорт басқармасының басшылығына және «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына зор алғысымды айтамын, – деді әуежайға келген бойда бұқаралық ақпарат құралдарына сұхбат берген Талғат Әміренов.

Айта кетейік, бұл тәжірибелі балуанның 2023 жылы еншілеген алғашқы жүлдесі емес. Биылғы қыркүйек айында Талғат Әміренов Орал қаласында самбодан өткен Әлем біріншілігіне қатысып, өз салмағында чемпион атанған болатын.

Бүгінде Өскемен гарнизоны 27943 әскери бөлімінің гарнизондық спорт кешенінің бастығы, аға лейтенант атағына ие Талғат Қанатұлы – Қазақстан Қорғаныс министрлігі армиясының орталық спорт клубының спортшысы, дзюдо, самбо күрестерінен ел чемпионы, қазақ күресінен ересектер арасындағы Қазақстан және Әлем чемпионы, қазақ күресінен халықаралық спорт шебері, көптеген жарыстың жүлдегері. Биылғы «Шығыс Қазақстан барысы» жарысының жүлделі екінші орнының иегері.

 

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив