Шатырға қатқан мұзды кім тазартуы керек?
Фото: psc.expert
Қыс айларында көпқабатты үйлердің шатырындағы суағарларға қатқан мұз адамдарға қауіп төндіреді.
Осыған байланысты Өскемен қалалық төтенше жағдайлар басқармасының офицері Азамат Ақзамбеков тұрғындарға күн жылынғанда туындауы мүмкін қауіптер жайын ескертті, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Қыста күннің кей кезде жылынуына байланысты шатыр еренуіне мұз қатып қалатыны заңдылық. Сондықтан да тұрғындардың көшеде жүргенде мұқият болып, автокөліктерді үйлердің жанына қоймағаны дұрыс.
Төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында барлық меншік нысанындағы ұйымдардың басшылары, ТҮКШ бөлімдері, пәтер иелері кооперативтері мен жекеменшік секторындағы үй иелері шатырлардағы қарды тазартуды, жаяу жүргіншілерге қауіп төндіретін орындардағы мұз бен сүңгілерді алып тастауды ұйымдастырулары қажет екендігін айтты.