Өскемен вокзалының ғимараты жөнделе ме?
Бұған дейін БАҚ өкілдері облыс орталығындағы "Өскемен" жолаушылар бекеті құрылысының тозығы жетіп тұрғанын жазған болатын. Халық та қаланың қақпасы саналатын бекеттің "адам көргісіз" екендігін жарыса жазды.
Бүгін Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар жолаушылар бекетіне арнайы барып, мән-жаймен танысты. Қала әкімі вокзал құрылысының иесіне ғимаратты архитектуралық қалпын сақтай отырып жөндеуді тапсырды, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Табиғаты көрікті шығыста туризмді түлетуге ерекше көңіл бөлініп отыр. Тіпті, туризмнің төріне айналдыру - негізгі мақсаттардың бірі. Сондықтан да алыстан жеткен қонақтарды қарсы алатын бекетіміз бетке шіркеу түсірердей болмауы керек. Осыны ескерген қала әкімі жолаушылар бекетімен барып танысып шықты.
Сондай-ақ қала әкімі қаладағы осындай архитектуралық ескерткіштер қатарына жататын ғимараттарды бақылауда ұстау керектігін жауапты тұлғаларға тапсырды. Ал аталған нысанды жөндеу барысы қалалық мәдениет бөлімінің бақылауында болмақ.
Фото: Валерий Шведов