Зейнетақы мен жәрдемақы өседі
Фото: primeminister.kz
Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов жаңа Әлеуметтік кодекс туралы бірқатар мәлімдеме жасады.
Жалпы қабылданып жатқан шаралар 2025 жылға қарай жиынтық зейнетақыны орта есеппен 27%-ға арттыруға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Altaynews тілшісі primeminister.kz ресурсына сілтеме жасап.
Үкімет басшысының айтуынша, Кодекстің маңызды жаңалығының бірі – зейнетақыны кезең-кезеңмен арттыру. Биылғы 1 қаңтардан бастап 2027 жылға дейін базалық зейнетақы мөлшері орта есеппен 51%-ға өсетін болады. Яғни 2 млн-нан астам зейнеткер осы қолдау шараларымен қамтылмақ. Жалпы қабылданып жатқан шаралар 2025 жылға қарай жиынтық зейнетақыны орта есеппен 27%-ға арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Премьер-Министр енді азаматтар өздерінің зейнетақы активтерінің 50%-ын сенімгерлік басқаруға беруге құқылы екенін айтты. Жинақтардың қалған бөлігі Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында қалады.
Оған қоса көпбалалы отбасыларды қолдау үшін Алтын алқа, «Ана даңқы» және «Батыр Ана» наградаларымен марапатталған аналарға төленетін жәрдемақы мөлшері сараланды. Еліміз бойынша 90 мыңға жуық ана жоғары жәрдемақы алады. Одан бөлек жаңа Кодекске сәйкес Еңбек ұтқырлығы орталықтары құрылып жатыр.
Үкімет басшысы жәрдемақыларды арттыру, олардың уақтылы әрі толық көлемде тағайындалуын қамтамасыз ету қажеттігін айтты.