ШҚО-да тағы бір жайлы мектеп оқушыларға есігін айқара ашты (Видео)
ШҚО-ның Шемонаиха қаласында ұлттық жоба аясында жаңадан салынған алғашқы «Жайлы мектеп» өз жұмысын бастады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бұған дейін Шәкәрім атындағы №4 жалпы білім беретін орта мектеп өткен ғасырдың 30-жылдары салынған ғимаратта орналасқан болатын. Енді мектеп жаңа, заманауи ғимаратқа көшіп, Путейская көшесі, 16/1 мекенжайында орналасқан.
Жаңа мектеп 335 оқушыға арналған. Оның басты ерекшеліктерінің бірі – ерекше қажеттіліктері бар балаларға бейімделуі. Осыған дейін үйде білім алып келген оқушылар енді мектепке барып оқуға мүмкіндік алды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы білім беру жүйесінің дамуына үлкен үлес қосуда. Жаңа білім ордасының ашылуымен оқушылар мен ұстаздарды аймақ басшысы құттықтады.
Мектепте спорт залы, шығармашылық кабинеттер, сондай-ақ оқушылардың практикалық дағдыларын дамытуға бағытталған мамандандырылған сыныптар бар. Олардың қатарында тігін кабинеті, аспаздық шеберлік сыныбы, театр үйірмесі, сондай-ақ өңірдегі жоғары оқу орындарының қолдауымен ашылған екі кабинет жұмыс істейді.
Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті инженерлік-техникалық бағыттағы кабинет ашып, оны заманауи технологиялар мен инженерияны оқытуға қажетті құралдармен жабдықтады. С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті инклюзивті білім беру кабинетін жасақтап, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға ыңғайлы жағдай жасады.
Облыс әкімі мектеп айналасын абаттандыру жұмыстарын жүргізу қажет екенін атап өтті.
Оқушылар жаңа мектепте төртінші тоқсаннан бастап білім ала бастады. Ұстаздардың айтуынша, заманауи оқу кабинеттерінің жабдықталуы озық оқыту әдістерін енгізуге және білім сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Дамир Омаров
Фото: Махаббат Ахметжанова