ШҚО-да қос азаматтықтың 16 фактісі анықталды

gov.kz
Шығыс Қазақстанда полиция екі елдің төлқұжатын иеленген азаматтарды анықтады. Жыл басынан бері өзге мемлекеттің азаматтығын алғанын ішкі істер органдарына хабарламаған 16 адам тіркелді. Олардың екеуі елден шығарылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Мәселен, өңір тұрғыны 2021 жылы көршілес елдің азаматтығын алғанымен, белгіленген мерзімде Қазақстанның көші-қон қызметіне хабарламаған.
Өз айтуынша, құжаттарын тапсыру керектігін білмеген әрі отбасылық жағдайына байланысты Қазақстанға уақытылы орала алмаған. Сот оны елден шығару туралы шешім қабылдады.
Еске сала кетейік, 2025 жылдың наурызынан бастап Қазақстанда азаматтығын жоғалтқан тұлғалардың ҚР құжаттарын пайдалануына қатысты заңнама қатаңдатылды. Жаңа өзгерістерге сәйкес, бұл талапты бұзғандарға салынатын айыппұл 100 АЕК-тен 200 АЕК-ке дейін ұлғайтылды.
ШҚО полиция департаменті Қазақстан заңнамасына сәйкес басқа елдің азаматтығын алған азаматтар 30 күн ішінде көші-қон қызметіне хабарлап, бұрынғы азаматтығын растайтын құжаттарды тапсыруға тиіс екенін еске салады. Бұл талапты орындамағандар әкімшілік жауапкершілікке тартылады.