ШҚО-дағы жаңа әуежайларға авиация мамандары қалай дайындалады?
Авиация саласын білікті мамандармен қамтамасыз ету мәселесі мемлекеттік деңгейде талқылануда, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Қазақстан Республикасының Көлік министрі Марат Қарабаев, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, сондай-ақ авиация кәсіпорындары мен бейінді оқу орындарының өкілдері Оқу-әдістемелік бірлестік пен салалық кеңестің отырысында азаматтық авиация саласының мәселелерін талқылады.
Естеріңізге сала кетсек, Қазақстанда авиация саласында ауқымды инфрақұрылымдық жобалар іске асырылуда. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Шығыс Қазақстан облысының Зайсан және Катонқарағай аудандарында жаңа әуежайлар құрылысы басталды. Сондай-ақ Арқалықтағы әуежайды қайта жаңғырту және Маңғыстау облысындағы Кендерлі әуежайын салу жоспарланып отыр.
Оқу-әдістемелік бірлестік пен салалық кеңес отырысының қатысушылары авиация персоналын даярлаудың стратегиялық бағыттарын, білім беру бағдарламаларын халықаралық стандарттарға бейімдеуді және саладағы кадр тапшылығын еңсеру шараларын талқылады. Сарапшылардың бағалауы бойынша, Қазақстанда жыл сайын 600-ден астам жаңа маман – ұшқыштар, инженерлер, диспетчерлер, логистер, қауіпсіздік және ұшқышсыз жүйелер мамандары қажет. Ал жаңа әуежайлардың іске қосылуы бұл сұранысты одан әрі арттырады.
Қазіргі уақытта елімізде халықаралық ICAO, IATA және AVSEC стандарттарына сәйкес авиация мамандарын даярлайтын жалғыз жоғары оқу орны – Алматыдағы Азаматтық авиация академиясы. Онда 2000-нан астам студент бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша білім алуда. Академия өкілдері оқу үдерісін трансформациялау бойынша негізгі бастамаларды ұсынды: EASA (Part-FCL және Part-66) стандарттарын енгізу; ағылшын тіліндегі білім беру бағдарламаларын іске қосу; Ұшқышсыз авиациялық жүйелер орталығын дамыту; оқытуды цифрландыру және дуалды оқыту форматын кеңейту.
Маңызды бастамалардың бірі – азаматтық авиация саласындағы кадрларды даярлау бойынша Жол картасына қол қою. Бұл құжат:
-
оқу аэродромын құру;
-
авиациялық кәсіптердің Ұлттық атласын әзірлеу;
-
салалық ғылыми-зерттеу орталығын қалыптастыру;
-
білім беру бағдарламаларын кезең-кезеңімен сертификаттау шараларын қарастырады.
Қазақстан авиациялық білім беруді халықаралық талаптар мен еңбек нарығының қажеттіліктеріне сәйкес жаңғыртуға басымдық беруде. Оқу үдерісі заманауи тәсілдерге негізделетін болады, оның ішінде онлайн-оқыту (Coursera, МООК), тәжірибеге бағытталған білім беру моделі және халықаралық академиялық ұтқырлық қарастырылады.
Қабылданған шешімдер Қазақстанның жаңа авиациялық инфрақұрылымын, оның ішінде Катонқарағай мен Зайсандағы құрылысы жүріп жатқан әуежайларды сапалы кадрлармен қамтамасыз етудің негізін қалайды. Бұл әуежайлар 2026 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған, сондықтан осы уақытқа дейін оларды қажетті мамандармен қамтамасыз ету қажет.
Дамир Омаров
Фото: ҚР ҒжЖБМ