KZ
Өскемен
+5°
плотный туман жел 2 м/с, СБ
520.48 574.61 6.06

Агробизнес драйвері: Нұрымбет Сақтағанов өңірдегі ірі шаруашылықтардың бірінде болды

3.04.2025, 14:10 162 Әбішев Ержан

Шығыс Қазақстан облысының әкімі өңірдегі жетекші шаруа қожалықтарының бірі – «Камышинское» қожалығына барды. Облыс әкіміне кәсіпорынның негізгі қызмет бағыттары мен даму перспективалары таныстырылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

1996 жылы негізі қаланған «Камышинское» шаруа қожалығы отыз жыл ішінде аймақтағы жетекші ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының біріне айналып, еліміздің ірі сүт өнімдерін өндірушілерінің қатарына енді. Бүгінде мұнда 400-ге жуық адам жұмыс істейді, ал ірі қара мал басы 5800-ден асады, оның 2300-і – сауынды сиырлар. Заманауи технологиялар мен тиімді басқарудың арқасында шаруашылық жыл сайын 625 тоннадан астам ет және 14 400 тонна сүт өндіреді.

Кәсіпорын ауыл шаруашылығы өндірісінің толық циклын қамтиды – мал азығын өсіруден бастап, сүтті терең өңдеу мен нан пісіруге дейін. «Камышинское» құрылымына сүт-тауар фермасы, құрама жем зауыты, бордақылау алаңы, жайылымдар, машина-трактор паркі және наубайхана кіреді. Шаруашылық жүгері, күнбағыс, қарақұмық, арпа, бидай, сұлы және жоңышқа өсіреді. Сонымен қатар, мұнда ірі қара малмен қатар, жылқы және түйе де өсіріледі.

Облыс әкімі сүт-тауарлы ферма мен құрама жем зауытын аралау барысында мұндай шаруашылықтардың өңір экономикасы үшін стратегиялық маңыздылығын атап өтті.

– Ауыл шаруашылығы – тек азық-түлік қауіпсіздігінің негізі ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік-экономикалық дамудың қуатты драйвері. «Камышинское» агробизнестің табысты үлгісін көрсетіп отыр, мұнда инновациялық технологиялар, жоғары өнімділік және әлеуметтік жауапкершілік үйлесім тапқан, – деді аймақ басшысы.

Кездесу барысында талқыланған маңызды мәселелердің бірі – агроөнеркәсіп саласындағы кадр тапшылығы. Кәсіпорын директоры Владимир Акулов бәсекеге қабілетті еңбекақыға қарамастан, өңірде білікті мамандардың жетіспейтінін атап өтті. Оның айтуынша, агробизнестің дамуы тек техника мен инфрақұрылымға инвестиция салуды ғана емес, сондай-ақ жаңа мамандарды даярлауды да талап етеді.

Өндірістік қызметтен бөлек, «Камышинское» Камышинка ауылын дамытуға белсенді түрде инвестиция құйып отыр. Қожалықтың қаржысына мектеп, балабақша, мәдениет үйі жұмыс істеп тұр, сондай-ақ демалыс саябағы мен шағын хайуанаттар бағы ашылған.

Мұндай жобалар ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсартып қана қоймай, аграрлық саладағы жұмысты жас мамандар үшін тартымды етеді. Өңір басшысының пікірінше, «Камышинское» тәжірибесі Шығыс Қазақстанның басқа да шаруашылықтарына үлгі болып, жергілікті өнімдердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және ауыл шаруашылығы экономикасының тұрақты дамуына ықпал етеді.

Дамир Омаров

Фото: Махаббат Ахметжанова

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу