KZ
Өскемен
+10°
пасмурно жел 6 м/с, СБ
518.57 566.59 6.05

Марқакөл мен Қанас арасы жақындайды: Жаңа туристік өткел ашылады

3.04.2025, 10:30 144 Төлеуғазы Жансая

Шығыс Қазақстан – табиғаты таңдай қақтырар, тауы мен көлі, орманы мен даласы көрген жанның жүрегін баурайтын қасиетті өңір. Тұнып тұрған тарихқа бай, табиғаттың өзі тудырған бұл өлке бүгінде ел экономикасының маңызды тіректерінің біріне айналып келеді. Жуырда ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев Шығыс Қазақстанда жаңа туристік өткел ашу жоспарланып отырғанын мәлімдеді. Бұл бастама – тіршілікке тірек болар, елге табыс әкелер қадам болмақ, деп хабарлайды Altainews.kz  тілшісі.

Жаңа шекаралық өткел Қытайдың Қанас көлі мен Қазақстанның көркем Марқакөлі арасындағы туристік бағытты байланыстыру үшін Теректі ауданында ашылады деп күтілуде. Екі ел тараптары бұл жобаны бірлесе талқылап, жүзеге асыру жолдарын пысықтап жатыр. Жоба аясында тек табиғатты тамашалауға келетін шетелдік саяхатшылар ағымы артып қана қоймай, шекаралық аймақтың тынысы кеңейіп, кәсіпкерлік өркендеп, жергілікті тұрғындардың табысы еселенбек.

Қанас көлі жыл сайын 20 миллионнан астам туристі қабылдайды. Енді сол саяхатшылардың бір бөлігі көрші жатқан Қазақстанның шығысына бет бұрса, одан біздің ұтарымыз көп. Туризм – тек табиғатты көрсетіп ақша табу емес, бұл – мәдениет пен тарихты таныстыру, ұлттық өнім мен қолөнерді өткізу, дәмді ас пен қонақжайлық арқылы ел беделін арттыру.

Кей азаматтар жалпы турист атаулыдан үркитіні бар. Алайда біз шекарамызды бей-берекет ашып, ішкі қауіпсіздікті елемей отырғамыз жоқ. Керісінше, бұл – нақты жоспарланған, заңмен реттелетін, қос тараптың бақылауындағы ресми туристік бағдар. Сала мамандарының айтуынша, мұндай бастамаға үрке қарамай, оны дұрыс түсінуге, тиімді пайдалануға тиіспіз.

Туризм – табыс көзі, тіршілік тірегі

Жаңа өткізу пунктінің ашылуы – бір ғана Марқакөл емес, тұтас өңір үшін үлкен серпін болмақ. Турист келген жерде жол салынады, қонақ үй салынады, жергілікті өнімге сұраныс артады. Алыстан ат терлетіп келген әр қонақ – біздің елге деген қызығушылықтың көрінісі, демек, әр турист – экономикалық өсімнің кілті.

Туризм дамыса, жаңа жұмыс орындары ашылады, жастар ауылдан кетпей, туған жерінде табыс табуға мүмкіндік алады. Шағын және орта бизнес күшейіп, ауыл шаруашылығы мен қызмет көрсету саласы жанданады. Бұл – халықтың әл-ауқатын арттырудың нақты жолы.

Шығыс Қазақстан – тарихи да, табиғи да бай өлке. Ежелгі қорғандар, жартас суреттері, Алтайдың аңызға айналған таулары мен тылсым көлдері – мұның бәрі шетелдік туристі қызықтырып қана қоймай, ұлттың рухын танытатын асыл мұра. Біз осы байлықты өзіміз бағалап, өзгеге көрсете білсек, ел игілігі еселене түспек.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та өз Жолдауларында туризмді дамытудың маңызын атап өтіп, шекаралық ынтымақтастықтың жаңа деңгейге көтерілуін қолдайтынын білдірген болатын. Бұл бастама – сол стратегиялық бағыттың бір тармағы.

Жаңа туристік өткел – тек жол емес, жаңа мүмкіндіктерге бастар көпір. Бұл көпір арқылы ел экономикасы алға басады, ауылдар еңсесін тіктейді, жастар болашаққа сеніммен қарайды. Бүгінгі турист дегеніміз атам қазақ “қонақ” деп қабылдайтын жұрт, ал сол туристің демалуына жағдай жасау – ел дамуына, мәдениет алмасуға, ұлттық рухты паш етуге және табыс артуы есебінен өмір сүру сапасын жақсартуға деген мүмкіндік. Табыс ағылып келмек. Тек әрекет ету қалды. Себебі тіршілік бар жерде – ырыс бар, қозғалыс бар жерде – береке бар.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу