Респонденттердің 79,4%-ы елдің даму бағытын оң бағалайды
Маусым айындағы әлеуметтік зерттеу қазақстандықтардың ел дамуына қатысты пікірлерінің тұрақты екенін көрсетті. Бұл қоғамда таңдалған бағытқа деген кең ауқымды қолдаудың сақталып отырғанын және әлеуметтік көңіл күйдің орнықты екенін білдіреді. Респонденттердің басым бөлігі — 79,4%-ы ел дұрыс бағытта дамып келе жатыр деп есептейді. Бұл туралы Altainews.kz тілшісі SocioExpert телеграм-арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Оң бағалар тек даму бағытына қатысты емес, әлеуметтік-экономикалық жағдайға да тән. Маусым айында респонденттердің 73,6%-ы елдегі әлеуметтік-экономикалық ахуалды оң деп бағалаған. Бұл халықтың қазіргі жағдайды қабылдауында тұрақтылық қалыптасып келе жатқанын аңғартады.
Саяси жағдай да негізінен оң бағаланған: сауалнамаға қатысқандардың 76,2%-ы қазіргі ахуалға қанағаттанатынын айтқан.
Қоғам тарапынан берілген бұл жоғары бағалар түрлі факторлардың — саяси, әлеуметтік-экономикалық және психологиялық жағдайлардың үйлесімді ықпалына байланысты. Мәселен, ЖІӨ-нің 6%-ға өсуі, жаңа инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандардың ашылуы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық пен көлік инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары тұрғындардың сенімін арттырған маңызды себептердің қатарында.
Аталған зерттеуді Қоғамдық саясат институты 2025 жылғы 18 маусым мен 4 шілде аралығында жүргізген. Сауалнамаға 18 жастан асқан 2000 қазақстандық қатысқан. Зерттеу ұлттық репрезентативті іріктеме негізінде жүргізіліп, статистикалық қателік мөлшері ±2,2%-дан аспайды.
1. Сауалнамаға қатысқандардың 79,4%-ы елдің дұрыс бағытта дамып келе жатқанын айтады;
2. Қазақстандықтардың көпшілігі елдің даму бағытын қолдайды;
3. Әлеуметтік көңіл күй тұрақты: көпшілік елдің болашағына сенеді;
4. Қазақстандықтар сенімділік пен тұрақты оптимизм танытуда;
5. Ел дамуына берілген оң бағалар тұрақты жоғары деңгейде сақталып отыр.