KZ
Өскемен
-5°
небольшой снег жел 1 м/с, С
523.54 546.47 4.99

Әлі саудагерлердің ұрпағы болып келе жатырмыз – Жұлдыз Ақтанжанова

Фото: Автордікі

7.06.2023, 11:23 894

Жұздыз Ақтанжанова – қоғам белсендісі, «Үйлесім» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі. Сонымен қатар ШҚО ҚХА Аналар кеңесінің төрағасының орынбасары қызметін де қатар алып жүрген жан. Қоғам белсендісі – жұртты толғандырған мәселелер мен оқиғаларға қатысты пікірін әлеуметтік желіде жариялап, ойын ірікпей ашық айтып жүргендердің бірі. 
Облыстық Аналар кеңесі төрағасының орынбасары бірлестіктің атқарып жатқан жұмыстары мен алдағы жоспарлары турасында бірталай сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды Altaynews тілшісі. 

– Аналар кеңесі 2014 жылы құрылған, сол кезден бастап жұмыс істеп келеді. Оны құрудағы мақсат – идеологиялық жұмыстарды атқару, ана мен баланың рухани дамуына үлес қосу деп ойлаймын. Әр ұлттың қоғамдағы бірегей сұранысы болады ғой, соған байланысты қазақ аналары мен басқа ұлт аналары арасында тәрбие жұмыстарымен алмасу, тәжірибемен бөлісу шығар, мүмкін. Бірақ, менің ойымша, қандай ұлт болса да, баланың тәрбиесіне, денсаулығына барлығының қарым-қатынасы бірдей. Бұны бөліп-жаруға болмайды, – дейді Жұлдыз Ақтанжанова. 

Бірлестік өкілінің мәліметінше, қазіргі атқарылып жатқан басты жұмыстың бірегейі – отбасыда толерантты көңіл-күй орнатуға бағытталған «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы. Жоба өскелең ұрпақ бойында басқа ұлт өкілдеріне деген толерантты көзқарасты қалыптастыруға, олардың мәдениетінің ұтымды тұстарын, менталитетін ашып көрсетуге бағытталған. 
Ұлттың болашағы үшін басқан үлкен қадам ретінде бірлестік іске асырып жатқан «Жасыл сертификат» пилоттық жобасын атаған жөн. Тәуелділікке әкелетін препараттарды теріс мақсатта қолдану және оны сатумен күреске бағытталған жобаның аясында ауқымды шаралар қарастырылған. Жоба шеңберінде «құпия сатып алушы» арқылы дәріханалар тексеріліп, сынақтан өткен дәріханаларға жыл соңында сертификат табысталады. Нашақорлықпен күрес мақсатында ойластырылған шара балалар мен жасөспірімдерге тәуелділікке әкелетін препараттарды сататын дәріханаларды су бетіне шығаруды көздейді. Ішкі істер органдары, Білім бөлімдері «Жасыл сертификатты»  жүзеге асыруға қол ұшын созып, меморандумға қол қойған. Аналар кеңесі бүгінгі таңда электронды темекімен де жүйелі күрес жүргізуге тырысып жатыр. Қоғам белсендісі балалар арасында вейп қолдану көп таралғанын алға тартты. Жұлдыз Сейтқұмарқызы электронды темекінің сатылымы жақсы жүріп жатқанын, онымен күрес біраз адамның мүддесіне қайшы келіп, қалтасына нұқсан келтірейін деп тұрғанын жеткізді. 

– Мектеп қабырғасындағы мұғалімдер, әлеуметтік меңгерушілер қазір дабыл қағып жатыр. Вейптерді өте көп бала қолданады, өте көп сатылымда. Сондықтан онымен күрес – Аналар кеңесінің қазір істеп жатқан ең үлкен мемлекеттік жобасы, – дейді бірлестік өкілі.

Қоғам белсендісі «Аналар кеңесінің» төрағасы туралы да пікірін білдірді. 

– Төрағамыз – аңыз адам. Шығыстағы ең үлкен ірі тұлға деп білемін, аналардың анасы. Майра Бейсеканова – «Үміт» балалар үйінің жетекшісі. Сол жерде қызмет еткеніне 40 жыл болды. Қазір зейнетте. Жасы біразға келсе де, әлі бір жерде тұрақты қызмет етіп отыр. Өте тәжірибелі адам. 2014 жылдан бастап Аналар кеңесінің төрағасы болып сол кісі қызмет етіп жатыр, – дейді Аналар кеңесі төрағасының орынбасары. 

Бірлестік өкілінің дерегіне сәйкес, алда мектептерде де Аналар кеңесін ашу жоспарланып отырған көрінеді.  

– Қазір аудандарда да Аналар кеңесі жұмыс істеп жатыр. Қазір мектептің ішінен де ашуды көздеп отырмыз. Онда ата-аналар комитеті деген бар ғой, енді «Аналар кеңесі» дегенді қоса ашуды жоспарлап отырмыз. Себебі біз атқарып жатқан жұмыстар мектеппен тікелей байланысты, – дейді Жұлдыз Сейтқұмарқызы. 

Қоғамдық белсендінің айтуынша, мемлекеттік бағдарламалардың дұрыс жоспарланбауы мен алға жылжымауының салдары қоғамдық бірлестіктер жұмысына да зиян тигізетін көрінеді. 

– Бізге келіп түсетін өтініштер өте көп. Мен өзім – «Үйлесім» қоғамдық бірлестігінің жетекшісімін. Біз – әйелдер мен балалардың құқығын қорғайтын ұйымбыз. Әлеуметтік мәселені жиі айтамыз. Себебі елімізде әлеуметтік өзгерістер күн сайын, секунд сайын болып жатыр. Соның бәрінде біз тамырын басып, қарап, бақылап, анализ жасап, баға беріп отырмыз. Бұл жерде мемлекеттік бағдарламалардың кемшін тұстары мен толыққанды жұмыс істемеуі бізге өте үлкен кедергі келтіріп жатыр. Соның бір мысалы ретінде айта кетейін, «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша Үкіметтің қаулысымен 2022 жылы соңғы бағдарламаға жақсы өзгерістер енгізілген. Оқығанға несие бағдарламасы өте жақсы, өйткені несие мөлшерін шектемейді. Бірақ әлеуметтік-несиелік үйлерді әкімдік беруі керек. Яғни, оның шаршы метрі 200 мың теңгеден аспауы тиіс. Ал «Отбасы банк» несие мөлшерін шектемеуі керек. Осындай бір жақсы өзгеріс енген еді. Бірақ тәжірибеге келгенде бұл бағдарламаның жұмыс істемей қалғанын тағы көріп отырмыз, – дейді Жұлдыз Ақтанжанова. Себебі әкімдіктер уақытты көп созған әрі бағдарлама бойынша салынған дайын баспана жоқ болып шыққан, ал «Отбасы банк» қайтадан шектеу қойған. Мен халықтық сарапшы ретінде айтайын, бұл бірінші жыл болғандықтан осындай кедергі мен қайшылық болып қалған шығар. Өйткені бізде министрлік шешімдерді аяқ-астынан шығара салғанды жақсы көреді ғой. Аймақтар оған дайын ба, дайын емес пе, ақылдаспай қабылданған шешімдер көзге көрініп тұр. Мүмкін, 2023 жылдың соңында «Бақытты отбасы» бағдарламасының нәтижесі жақсы болып қалар. Осы схема жұмыс істеп кетеді деген үмітім зор. 

Аналар кеңесінің өкілі қазақ қоғамындағы қалыптасқан қасаң қағида мен оның зияны турасында «ішкі қыжылын» айтып кетті. 

– Бақытты отбасында туған бала ғана көп өзгеріс жасай алады. Қазір Қазақстандағы қағида бойынша «Мен көп еңбек еттім, қиындық көрдім, ыдыс жудым, одан кейін көтеріліп кеттім, миллиондап киім сатып жатырмын» деген сынды дүниелер беделді болып кетті. Біздің балалардың ойында «Қаншалықты қиын өмір сүрсем, соншалықты қолым бір нәрсеге жетеді» деген жалған ұғым қалыптасып жатыр. Ал, негізі, салауатты өмірде, әке-шешесі бақытты, бір-бірін жақсы көрген отбасында ғана бала көп оқып, өзін ғылымға тиянақты арнай алады екен. Осы ғой бізге керегі. Біз сауда-саттықпен дамимыз ба? Әлі сол «коммерсанттардың» ұрпағы болып келе жатырмыз, солай байып жатырмыз. Бірақ ол – жалған нәрсе, ол бізге болашақта ештеңе әкелмейді. Бізде IT-мамандар, ғалымдар, физиктер және өзге мамандар жоқ. Ал ондай балалар бақытты отбасында тиянақты сабақ оқып отырғаннан кейін өсіп шығады, – деп түсіндірді кейіпкеріміз. 

Жұлдыз Сейтқұмарқызы ұлттық бірегейлік пен болмысты сақтау маңызды екенін жеткізді:

– Хиджаб – қазақ ұлтына тән емес. Тарихқа үңілсек те, апаларымызға қарасақ та, бұл басқа ұлттың мәдениеті екенін көреміз. Басқа ұлттың мәдениеті мен салтын әкеліп қазаққа жабыстырып, еліктегіш қазақты соған сүйсіндіріп қою, оларды күшті көрсетіп, жарнама жасау  дұрыс емес. Дұрыс емес бағытқа кетіп бара жатқан сияқтымыз. Мен барлық дін өкілін сыйлауға шақырамын. Әркім өз орнында. Алайда мұндай дүниені жариялап, үгіт-насихат жүргізудің қажеті жоқ. 

Жұлдыз Сейтқұмарқызы сөзін қорытындылай келе, Аналар кеңесі көмекке мұқтаж әр әйелге көмектесуге, жәрдем сұраған аналардың еңбегі мен қызметін танытып, жұртқа жария етуге әрқашан дайын екенін айтты.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу