Үнсіз педофилия: қазақ тіліндегі тұңғыш кітаптың тұсаукесері – ШҚО

Фото: автордікі
13 маусым күні Өскемен қаласында А.С.Пушкин атындағы облыстық кітапханада "Үнсіз педофилия" атты кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті. Кітаптың авторы – психоаналитик, Орталық Азия психоанализ институтының директоры Анна Құдиярова.
Шығарушылардың айтуынша, кітап – осы тақырыпқа арналған қазақ тіліндегі тұңғыш туынды, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Дерекке сүйенсек, 2021 жылы балаларға қатысты жыныстық зорлық-зомбылық бойынша 956 іс тіркелген. Қазақстанда балаларға қатысты қылмыстың 43%-ын жыныстық зорлық-зомбылық дерегі құрайды. Сонымен қатар, педофильдердің 60%-дан астамы баланы танитын жақын адам болып шығады.
Кітаптағы повесть пен әңгімелерге құрбандардың өмірінен алынған шынайы оқиға арқау болған. Одан өзге, кітаптан педофильден баланы қорғау тәсілі көрсетілген жадынама, педофилия дерегі үшін заң бойынша қандай жаза қарастырылғаны туралы мәлімет, осы тақырыпқа қатысты статистика мен терминдерді, басқа да деректерді табуға болады.
Бұл кітапты оқу ата-аналар, психологтар, мұғалімдер, дәрігерлер және баламен жұмыс істейтін кез келген маманға ұсынылады.
Шараға кітапты құрастырушылардың бірі – Анна Құдиярованың PR менеджері, шәкірті Зарина Қаһарман, кітап мұқабасындағы иллюстрацияның авторы Мерей Қайнаров, ШҚО балалар омбудсмені Аксана Каленова және мұғалімдер мен психологтар қатысты.
Рәсім барысында кітапқа енген оқиғалар, педофилия туралы дерек, оның себептері мен салдары, балаларды қорғау жолы туралы айтылды. Сонымен қатар мамандардың атқарып жатқан шаруалары мен ниет қойған бастамалары да аталды. Дерекке сүйенсек, психоаналитик Анна Құдиярова осы тақырыпқа арналған фильм түсіруге ниет білдіргенімен, қажетті қаражат жиналмаған. Алайда іс аяқсыз қалмай, Анна Мергенбайқызы шәкірттерімен бірлесе «Іш киім ережесі» атты ақпараттық бейнеролик түсірген.