Қонақжай отбасы: жобаның нәтижесі қандай?
Фото: katon.camp парақшасынан алынды
ШҚО-да 10-30 маусым аралығында «Қонақжай отбасы» пилоттық жобасының бірінші кезеңі ұйымдастырылды. Жоба үшін биыл Катонқарағай ауданында тұратын отбасылар таңдап алынды.
Жобаға 12-14 жас аралығындағы балалар қатысты, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Тіл үйренуге аттанған 67 баланы ауданның 3 ауылында тұратын отбасылар қабылдап алды.
Балалар 20 күн ішінде қазақ халқының салт-дәстүрі, тағамдары мен ұлттық аспаптары туралы толық ақпарат алып, жаңа білім игерді. Жеткіншектер одан өзге құрт, талқан жасап, бауырсақ пісірген. Елді мекендегі мектепте ұлттық аспаптарда ойнауды үйреніп, киізден түрлі бұйым жасап, әр оқушы шығармашылық қабілетін сынап көрген. Оқушылар үшін жергілікті жердегі демалыс орындары мен балық, ара және бұғы шаруашылығына экскурсия ұйымдастырылып, дәрілік шөптерді өсірумен айналысатын кәсіпорынның қызметкері емдік шөптерді жинау жолдарын көрсетіп, шеберлік сабағын өткізген. Балалар Берел қорымын аралап, қазба жұмыстары жүргізілген орындарды қызықтап, тарихымен танысты. Сонымен қатар ұлттық дәстүрдің мәйегін бойға сіңіріп, ауыл тіршілігіне терең үңілу мүмкіндігі берілді.
Балалар ауыл өмірін тамашалап қана қоймай, күнделікті сабақтарға барып, білімін жетілдірді.
Дерекке сүйенсек, келесі жылы жобада өзгеріс болуы мүмкін.
