ШҚО-да әскерилер ерекше қажеттілігі бар балаларды қуантты

Фото: ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі
Ақпараттық-насихаттық топты генерал-майор Қайрат Үмбетов бастап келді.
Өскемен қаласында жүрген Ұлттық ұланның ән-би ансамблі концерттік бағдарламамен «Мархабат» түзету балабақшасына барып, тәрбиеленушілерге ерекше көңіл-күй сыйлады, деп хабарлайды Altaynews.kz сайты ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Іс-шараға Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары генерал-майор Қайрат Үмбетов арнайы қатысты. Қонақтардың арасында «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының ТжӘҚЖ жөніндегі орынбасары полковник Атабек Салихбаев та болды.
Ақпараттық-насихаттық топты бастап келген генерал-майор Қайрат Үмбетов сапарларының мән-жайын түсіндіріп, мекеме қызметкерлеріне қоғам игілігі жолында атқарып жүрген жұмыстары үшін алғысын білдірді. Сонымен қатар оңалту мекемесіне Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының атынан арнайы сыйлық тарту етті.
Дамуы мен жетілуінде кемістігі бар балалар мен жасөспірімдер орталығының бөлім меңгерушісі Гүлшат Ғұмарбекқызы меймандарға алғыс білдірді.
Концерттік бағдарлама барысында рухты және көңілді шығармалар айтылды. Осылайша, дамуында ауытқушылығы бар жандар өздерінің қоғамның толық бір мүшесі екенін сезінгендей болды. Кездесу соңында түзету балабақшасының тәрбиеленушілері атынан келушілерге Эрик Жұмағалиев пен Евгений Дерябин лебізін арнады.
Евгений Дерябин болса түймелерден бейнеленген күн астындағы ағаштың кескінін Ұлттық ұланның Бас қолбасшылығына сыйға тартты. Мұны ол өз қолымен дайындаған. Әскердің Бас тәрбиешісі генерал-майор Қайрат Үмбетов балаларға алғыс айтып, олардың қолдан жасаған бұйымдары Ұлттық ұлан музейінен өз орнын табатынына сендірді.