Несібесін жерден тапқан шаруа
Көкөніс және бақша дақылдарын өсіру — ауыл шаруашылығының маңызды саласының бірі. Дәл осы салалардағы өндірушілер халықты күнделікті тұтынатын маңызды өніммен қамтып отыр. Жердің, ауыл шаруашылығының жайын жер өңдеп, егіншілікпен айналысқан жер емген жан ғана жақсы біледі. Ауыл шаруашылығының бұл саласы қажырлы еңбекті, күш-жігерді, қаржы құюды және табандылықты талап етеді. Құлынжон ауылында көкөніс өсіріп, жерден нәпақасын айырып отырған Намоз Зулфиев тәжірибелі шаруаның бірі.
Кейіпкер Самар ауылының Құлынжон ауылында 2003 жылдан бері тұрып жатыр, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Құлынжон тұрғыны күзде 200-250 тонна өнім жинап, сатып алушыларға көтерме бағаға өткізеді. Сатып алған адамдар Намоз өсірген өнімнің дәмі ерекше екенін, қыста ұзақ сақтауға жарайтынын жиі айтатын көрінеді. Алайда арнайы қойманың жоқтығы қол байлау болып тұр. Намоз қойма болса ауданды қамтуға жететін өнім өсіре алатынын жеткізді. Оның мақсаты — ең бірінші кезекте өз ауданының тұрғындарын, жерлестерін құнарлы өніммен қамту. Тұқым егіп, баптап күтетін жаз мезгілінде кейіпкеріміз 10 шақты қызметкер жалдайды. Онымен қоса, ұлдары да қолғабыс көрсетуге жарап қалған.
Намоз биыл еңбек демалысына шықса да еңбек етіп, тәжірибесі мен білімін жас буынға үйретіп, баулуға ниеті барын білдірді. Одан өзге, Намоздың ертеден орындалмай келе жатқан асыл арманы бар. Ол — ауыл мектебінің маңындағы бақшаны түлетіп, қайта көркейту. Ол бұны ауылға жаңа көшіп келген кезінен бері көкейде сақтап келді. Ауыл әкімдігі қолдап, жер маманы аумақты өлшегеннен кейін бұрын Құлынжон ауылы қарамағында болған Көкпекті ауданының жер қатынастары бөліміне өтініш түсірген. Алайда, кейіпкер өтініші қалай қарастырылып жатқанын білуге барып, құжаттары үшті-күйлі жоғалып кеткенін естіген.