Самар ауданында 656 бала тегін тамақтанады – ШҚО
Фото: egemen.kz
Самар ауданында бүгінгі таңда мемлекеттік 21 білім беру мекемесі бар. Дәлірек айтқанда, 19 мектеп, 1 балабақша және 1 қосымша білім беру мекемесі.
Жаңа оқу жылында бастауыш сыныпта оқитын 656 бала тегін тамақтанады. Бұл туралы аудан әкімі Нұрлан Махамбетов Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде айтты, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Әкімнің айтуынша, балаларды мектеп формасы мен оқу құралдарымен қамтуға биыл 23,6 млн теңге бөлінген.
Аудандағы 5 мектептің қазандығын жөндеуге 34,4 млн теңге бөлінген. Одан бөлек, 2 мектепте жылыту қазандығын жөндеп жатыр. Аталған жұмыстарға 28,4 млн теңге бөлінген. Жұмыстар қыркүйектің соңына дейін аяқталады дейді әкім.
Сонымен қатар, Миролюбовка орта мектебінің шатырын ауыстыру және спорт залын жөндеу жұмыстарына 19,7 млн теңге, №1 Самар орта мектебінің терезелерін ауыстыруға 36,8 млн теңге, Мариногорка орта мектебіндегі жұмыстарға 16,1 млн теңге жұмсалған. Ал Сарыбел орта мектебінің терезелері ауыстырылып, кіреберіс жөнделген. Осы мақсатта 26,8 млн теңге бөлінген. Ж.Болғанбаев атындағы Самар орта мектеп-лицейінің жарықтандыруы мен еденін жөндеуге облыстық бюджеттен қосымша қаржы бөлінген. Аталған жұмыстардың жалпы құны – 169,4 млн теңге.
Аққала ауылындағы мектеп-балабақша кешені, Көкжота орта мектебі, Жұмба негізгі мектебі, С. Седнев атындағы негізгі мектеп сынды 4 мекеменің қазандығын жөндеуге 44,3 млн теңге бөлінген.