Риддердегі бір отбасы су басқан үйден эвакуацияланды
Риддер қаласында су тасқыны мәселесі әдетте көктем мезгілінде туындайды. Шағын шаһарда бүгін болған оқиға – табиғи сипаттағы жағдай емес, немқұрайлықтың салдары.
Риддер қаласының әкімі Дәулет Батырбаевтың айтуынша, «ЛК ГЭС» ЖШС-де су қабылдауды тоқтатпау үшін су рұқсатсыз түрде шамадан тыс жіберілген. Соның кесірінен Хариузовка өзенінде қабыршақ мұз жинақталып, кептеліс пайда болған. Салдарынан су арнасынан асып, жақын маңдағы аумақты, оның ішінде жеке сектордағы төрт үйдің ауласын және екі үйді басты деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Күндіз су басқан үйлердің тұрғындары эвакуациядан бас тартқан болатын, бірақ кешке қарай бір отбасы кішкентай балалары болғандықтан осы мүмкіндікті пайдалануға шешім қабылдады. Олар қауіп жойылғанға дейін Риддер аграрлық-техникалық колледжінің ғимаратына орналастырылды. Жанұя ыстық тамақпен және гигиена құралдарымен қамтамасыз етілді.
Қала әкімінің төрағалығымен полиция бөлімі, ТЖБ, прокуратура және «Казцинк» кәсіпорны өкілдері қатысқан штаб отырысы өтті. Мамандар ағымдағы жағдайды бағамдады. Өзен арнасын тексеру кезінде кептелістің қашықтығы бір шақырымнан асатын учаскеде пайда болғаны анықталды. Жедел түрде арнаны тазарту жұмыстары басталды.
Мамандардың бағалауынша, арнаны тазарту қайта су басу қаупін жоюы керек.